Ақдалада клуб-кітапхана салынады
«Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында жақын күндері Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылдық округінде тұрғындар ұсынысына орай, 240 орындық клуб-кітапхана кешенінің құрылысы басталады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық жергілікті тұрғындармен кездесу барысында мәлімдеді.
«Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттары толығымен әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Сәтін салса, келер жылы ішінде құрылыс нысанын аяқтап, ел игілігіне беру жоспарланған», - деді қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық.
Сонымен қатар, осы күндері Ақдала елді мекенінің маңынан талапқа сай қоқыс полигонын салу үшін «АРХ-комплекс» ЖШС-мен келісімшарт түзіліп, жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Аталған нысан құрылысы 2023-2024 жылдары жүргізіледі деп жоспарланған.
Айта кетейік, бұл күндері Арыс қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы, қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық бастаған әкімдік өкілдері мен дербес бөлім басшылары және сала мамандарынан құралған арнайы топ ауылдарды аралалап, тұрғындармен ашық диалог құру мақсатында кездесулер өткізуде.
Мұндай шара қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың жетекшілігімен сәуір айында өткен болатын. Сол кездесуде тұрғындар тарапынан жергілікті атқарушы билік өкілдеріне 17 ұсыныс пікір, өтініш, шағым түскен болса, бүгінде оның 12-сі толыққанды шешілген. 1 ұсыныс тұрақты бақылауда, ал қалған 4 ұсыныс қаржыға байланысты кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Мұнан кейін қала әкімінің орынбасары Ақдала ауылдық округінің әкімдігінде азаматтарды жеке өтініштері бойынша қабылдау шарасын өткізді. Қалалық «Ардагерлер ұйымының» төрағасы Тәңірберген Әсіл мен мәслихат депутаты Нұрмахан Мәуленов, AMANAT партиясының Арыс қалалық филилалының атқарушы хатшысы Бақтығали Ділдәбеков және дербес бөлім басшылары қатысқан қабылдау шарасына 6 азамат өз мәселесінің шешілуіне жауап іздей келді.
Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі жер мен ағын су мәселесін, әлеуметтік қолдау-көмек көрсету мен баспана жайы жөнінде әңгімелесті.
Ал жауапты сала мамандары тарапынан тиісті деңгейде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың мәселелерінің заң шеңбері аясында нақты шешу жолдары айтылды.
Айта кетейік, қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы әрі қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық түске дейін С.Ерубаев атындағы мектеп ауласында ауыл тұрғындарымен кездесті. Оған ауыл тұрғындары қатысып, елді мекендегі өзекті мәселелерді көтеріп, оны шешу жолында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар халықты етті.