«Бақытты отбасы» - ерекше бағдарлама
Тұрғындарының саны миллионнан асатын шымкенттіктердің баспанаға қол жеткізуге мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасының шарапаты тиіп отырғаны анық. Аталмыш бағдарламаның бір бағыты – «Бақытты отбасы» деп аталады (2-10-20). Ол көп балалы, толық емес және ерекше балалары бар отбасыларға арналған ерекше бағдарлама.
«Бұл бағдарлама бойынша Қазақстан өңірлеріне 50 млрд теңге бөлінді. Шымкентте шамамен 300 отбасы несие алады деген болжам бар. Бұл бағыт бойынша пайыздық мөлшерлеме 2 пайызды құрайды, сатып алатын баспана бағасының 10 пайызы мөлшерінде алғашқы жарна құю керек. Займ берілу уақыты – 20 жылға дейін. Ең жоғарғы сома – 15 млн теңге. Несие кезек бойынша беріледі. Бүгінгі таңда 26 мамырға дейін құжат қабылдануда. Әзірге 3000 адамнан өтінім түсті. 26 мамырдан кейін өтінімдердің барлығын баспана кезегіне тұрған мерзімі бойынша реттейміз. Алғашқы 300 адамды банкке шақырып, төлем қабілетін тексереміз. Егер төлем қабілетін растаса, несиені алдын ала мақұлдаймыз. Енді бұл азаматтарға баспана бағасының алғашқы жарнасын құю қажет. Егер өзі жинаған қаржысы болмаса, біздің мақұлдау құжатымызбен тұрғын үй басқармасына барып, тұрғын үй сертификаттарына өтінім бере алады. Бұл тұста «Отбасы банкінде» салым болғаны жақсы, бірақ, міндетті емес, – дейді «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.
«Отбасы банкінде» бұған қоса «Өз үйім» бағдарламасы бар. Мұнда баспана бағасының 50 пайызын жинау қажет, несие мөлшерлемесі жылына 7 пайызды құрайды. Басқа бағдарламалардан ерекшелігі – мұнда өтінім берушінің атында басқа үйі бар-жоқ екені маңызды емес. Несиелеудің максималды сомасы – 50 миллион теңге.
Банк өкілдерінің айтуынша, енді мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын кез келген отандасымыз көріп, баспаналы бола алады.