Жылына 20 мың дана шам өндіреді
Үшінші мегаполистегі «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан «КАЗТЕХНИКАС» ЖШС жарықдиодты шамдар өндірумен айналысып келеді. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында индустриалды аймақтан 1,5 гектар жер бөлінген. Құны 500 миллион теңгені құрайтын бұл жоба өткен жылы бастау алып, биыл іске қосылған болатын. Қазір мекемеде 25 қала тұрғыны жұмыс жасайды. Таяуда қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған кәсіпорынды аралап, мұндағы тың тірліктерге куә болып қайтты.
Зауыт жылына 20 мың дана жарықдиодты шам өндіруге қауқарлы. Шамдардың сапасы өндірілгеннен кейін су ішінде 5 минут тұрады да, кейіннен іске қосу арқылы тексеріледі екен. Яғни суға төзімділігі анықталып барып, сатылымға шығарылады.
Сонымен қатар, мұнда темір сөрелер де жасалады екен.
- Шымкентте кәсібін бастаймын дегендерге мүмкіндік көп, қаншама мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды. Зауыт, фабрика ашам деп ниет білдіргендерді қолдауға әрдайым дайынбыз. Себебі қаланы өз өнімімен қамтамасыз етіп, отандық өнім ретінде шетелге де танытуымыз қажет. Осы арқылы тұрғындардың әл-ауқатын көтере аламыз. Мына диодты шамдарды қала көшелерінің барлығына, әсіресе тұрғындар көптеп жүретін саябақ, аллеяларға қою керек. Әрі жарық, әрі экономды болмақ. Осы орайда жергілікті құрылыс компанияларын бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, - деді Мұрат Әйтенов.
Өндіріс орны алдағы уақытта мемлекеттік қолдау арқылы өнім көлемін ұлғайтып, экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.