Мектепке құжаттар электронды форматта қабылданады
Цифрлық сауаттылық - бұл адам өмірінің барлық салаларында цифрлық технологияларды сенімді, тиімді қолдануға дайындығы және қабілеті. Осы технологияны қолдану арқылы халықтың өмір сапасын арттыруға жол ашып отыр. Цифрлық сауаттылыққа жол ашып отырған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бүгінде білім саласында да кеңінен қолданылып келеді. Мәселен Шымкентте 1-сыныпқа балаларды қабылдау 11 қадамнан тұратын нұсқама арқылы жүргізілуде. Құжаттар электронды форматта «Электрондық үкіметтің» веб порталы арқылы 1 сәуірден 1 тамызға дейін қабылданады. Бұл туралы Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте айтты. «Цифрландырудағы негізгі мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, оқу-тәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, балаларға, ұстаздарға, ата-аналарға жүктемені азайту. Ең бастысы – білім беру сапасын арттыру. Біздің балаларымыз халықаралық деңгейде әртүрлі салаларда, оның ішінде жасанды интеллект және ауқымды деректер жасау саласында бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, елді цифрландыру – бұл мақсат емес, бұл – Қазақстанның абсолюттік артықшылыққа қол жеткізу құралы»,-дейді Жанат Арысбекқызы.
Қаланың бас ұстазы жиында сондай-ақ 2020-2021 оқу жылының IV тоқсанында оқу процесін ұйымдастыру, оқушыларды 1-сыныпқа қабылдау және ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша жан-жақты баяндады.
– Шымкентте биылғы оқу жылының IV тоқсанында жалпы білім беретін мектептерде сыныптағы оқушы саны 25 адамнан асырылмай аралас форматта оқытылады. Сонымен қатар 300 оқушыға дейінгі мектептерде оқушы санын 25-тен асырмай дәстүрлі форматта оқыту ұйымдастырылуда. Ал сабақтан тыс уақытта білім беру әкімшілігінің шешіміне сәйкес 15 адамнан аспайтын топта жекелей оқытуға рұқсат етіледі. Бұл шешімдер негізінде біз қалалық Бас санитардың Қаулысына сүйенеміз, – деді Ж.Тәжиева.
Басқарма басшысының айтуынша, жоғарғы сынып оқушыларын аттестаттау 9-сыныптарда 28 мамыр – 7 маусым, ал 11-сыныптарда 1–10 маусым аралығында барлық санитарлық талапты сақтай отырып ұйымдастырылады.
Айта кетейік, қалада IV тоқсан барысында ата-аналарға балаларына мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ. Бұл дәстүрлі тəртіп міндеттелмейді. Яғни, оқушыларға білім ошағына еркін, ұқыпты және жинақы киімде баруға рұқсат беріліп отыр. Ескертетін жайт, білім беру ұйымдарында сабақ оқыту барысында барлық санитарлық талап сақталады.