Түркістан алхорысымен де танылады
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжілісте Түркістан қаласын безендіру, әсемдеу, көркейту жұмыстарының барысы туралы шаһар басшысы Рашид Аюпов баяндады. Оның айтуынша, Түркістан халықаралық әуежайы аумағынан «Батыс-Қытай – Батыс-Еуропа» автожолы бойына, яғни қаланың Бекзат Саттарханов даңғылына дейін жалпы LED экрандар, жалаушалар мен 32 билбордтар, 300-ден астам жарықтық кронштейндер және 17 аялдама орнатылады. Түркістан қаласына кіреберіс аумағы мен қалада бағыт-бағдар сілтемелері пайда болады.
Сонымен қатар, әуежайға бара жолдың бойындағы жалпы аумағы 400 гектарға 3-5 жылда өнім беретін алхорының «Black Splendor», «Black Diamond» және «Angeleno» сұрыпты көшеттері отырғызылуда. Бұл еліміздегі ең үлкен алхоры бағы өнім берудің толық мерзіміне жеткенде әрбір гектардан 20 тонна алхоры алынады деген жоспар бар. Жобаның иесі, кәсіпкер Болатбек Әлиев израильдік озық технологиямен егіліп жатқан бақ мол өнім беретініне сенімді. Өйткені алхорының бұл сорттары Түркістан қаласының климатына шыдамды. Жемістің бұл түрі базар нарқында сирек кездеседі және бағасы да жоғары. Тамшылатып жүйесімен суарылатын бақ су үнемдеп, тұтынушылардың сұранысын қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов көктемгі дала жұмыстарына дайындық шаралары және ветеринариялық іс-шаралардың барысы туралы баяндады. Егістікті әртараптандыру бойынша өткен жылмен салыстырғанда масақты дақылдар мен егіс көлемі 5 мың гектарға және мақта дақылының егіс көлемі 10 мың гектарға қысқартылып отыр. Оның орнына майлы дақылдардың егіс көлемі 10 гектарға, бақша дақылдары 7 мың гектарға және мал азығы дақылдары 3 мың гектарға қосымша егістік көлемі ұлғайған. Бүгінгі таңда жоспарланған 500 мыңға га жуық жер айдалып, жұмыстың 98 пайызы орындалды.