Өмірзақ Шөкеев Сауран ауданы құрылғанын хабарлады

Oinet.kz 15-03-2021 438

9b3cd1ce-fce8-49c8-bd34-0ee5ba3108b5.jpg

12 наурызда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Түркістан облысында жаңа аудан құру туралы тиісті Жарлыққа қол қойды. Құнды құжат күшіне енген күннен бастап Қазақстан территориясында Сауран ауданы пайда болды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аптаның алғашқы күні аппарат отырысында хабарлап, түркістандықтарды тарихи оқиғамен құттықтады.

– Мемлекет Басшысының Жарлығына сәйкес, Түркістан облысында жаңа Сауран ауданы құрылды. Әкімшілік орталығы Шорнақ ауылы болады. Оған Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері кіретін болады. Сондықтан бүгін тарихи күн.  Біз осыған байланысты тез арада барлық шараларды жүзеге асыруымыз керек, – деді облыс басшысы.

Облыс әкімі айтқан 12 ауылдық округ 2018 жылы 19 маусымда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының құрамынан шығарылып, Кентау қаласының қарамағына өткен болатын. Енді Кентаудан шығарылып, Сауран ауданына өтеді. Жаңа ауданның құрылуына байланысты атқарылатын барлық іс-шаралардың жүзеге асуымен арнайы комиссия айналысады.

Ұлт руханиятында киелі ұғымға айналған «Сауран» атауының Түркістан облысында құрылған жаңа ауданға берілуі негізді. Ортағасырлық тарихи Сауран қаласы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан және ежелгі Түркістан ұғымымен тығыз байланысты. Сауран – XII ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. XIII ғасырдың орта шеніде Сауран – Ақ Орданың астанасы болған. Шорнақ ауылы облыс орталығы Түркістан қаласынан солтүстік – батысқа қарай 20 шақырым жере орналасқан. Бүгінде мұнда 12 мың халық тұрады. Жаңадан құрылатын аудан халқының саны 100 мыңнан асатын болады. Кентау қаласында орналасқан 12 ауылдық округтерінен жаңа аудан, Шорнақ ауылын әкімшілік орталығымен жалпы көлемі 650 мың гектар жерде орналасқан.



Түркістан облысы кірістер бойынша елімізде көш бастады
Түркістанда халықаралық Бекзат турнирінде 130 спортшы бақ сынауда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу