Түркістанның көркеюіне аудан, қала әкімдіктері мен басқармалар да жауапты
Түркістан қаласында қызу жүріп жатқан көркейту мен абаттандыру жұмыстарының барысын бақылаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев атқарылған жұмыстармен танысу мақсатында құрылыс алаңдарын аралап көрді. Облыс орталығын көркейту, абаттандыру үшін шаһар аумағы 32 секторға бөлінген. Әр секторға аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары тікелей жауапты.
Қала аумағына ағаштар отырғызылып, көшелерде жарық шамдар, қоқыс жәшіктері орнатылып, балалар алаңқайлары, демалыс орындары салынуда. Кешенді жұмыс барысын бақылаған облыс басшысы ауқымды жұмыстардың тұрақты түрде жүзеге асуын қатаң бақылауды тапсырып, жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Әр секторға 10-15 көше бекітілген. Онда жер тегістеліп, 10 мыңға жуық ағаш отырғызу, су ұңғымаларын қазып, тамшылап суғару жүйесіне қосу жұмыстарын жүргізу міндеттелген. Егілген ағаш көшеттері желден құлап, сынбау үшін сыммен не жіппен бекітіп, байлау жұмыстары қоса жүргізіледі. Бұдан бөлек, сенбіліктер ұйымдастырып, ағаштар әктеліп, күл-қоқыстан тазартылуда. Газон егіліп, гүл егетін құмыралар қойылған. Жарықтандырылып, көгалдандырылуда.
Сонымен қатар, жаңа халықаралық Түркістан әуежайы аумағына 140 мың түп түп шаған, үйеңкі, қарағаш, бозарша, жиде ағаш көшеттері отырғызылды. Алдағы екі-үш жылда бұл аймақ жайқалып, қалың орманға айналады. 28 гектарды құрайтын қалалық дендробақта 12 мыңнан астам ағаш отырғызылады.