Түркістанда жасанды көлге су жіберілді
Түркістан қаласының бас жоспарына сәйкес, облыста алғашқы рет 7 мың 700 гектар аумаққа «Жасыл белдеу» құру жұмыстары жүргізілуде. Екі жыл бұрын қолға алынған ауқымды іс-шара аясында өткен жылы 1 млн-нан астам көшет отырғызылды. Осы жылы да жоспарланған меже толығымен іске асады. Яғни, шаһардың климатын өзгерту үшін жыл соңына дейін 3 мың гектар аумаққа сан алуан түрлі ағаштар отырғызылады.
Ағын су тапшылығын шешу мақсатында «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында ірі су нысандары құрылыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, «Түркістан магистральдық арнасы» күрделі жөндеуден өтіп жатыр. «Сыйымдылығы 18 млн. текше метр Кеңсай – Қосқорған – 2» су қоймасы салынып, «Жетікөл көлдер жүйесін» қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түркістан магистральдық арнасын толтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық канал салынды. Ауқымды істің нәтижесінде жылына ағын су пайдалану көлемі қосымша 200 млн. текше метрге артты.
Өмірзақ Естайұлы «Тұңғыш Президент саябағында» болды. Ислам бағы негізінде бой көтерген демалыс аумағы 40 гектарға жуық. Саябақтағы жасанды көлге су келді. Ол үшін су ұңғымасы мен резервуар салынды. 7 мыңға жуық ағаш отырғызылған бақта жаяу жүргіншілер жолдары салынып, кіші сәулеттік мүсіндер орнатылған. Саябақтың бас қақпасы мәрмәрмен қапталған.