Жетісайда М.Әуезовтің 125 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті
Биыл қазақтың көрнекті жазушысы, академигі, драматургы, ғалымы және қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл! Осы атаулы датаға орай 27 қазан күні Жетісай аудандық орталық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Әуезов әлемі» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның басты мақсаты жазушының тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу болып табылады. Аталмыш шараны кітапхана меңгерушісі Шоматова Назира жүргізді. Бұған қаламыздағы №6 мектеп-гимназиясы, №9 IT мектеп-лицейінің оқушылары, мұғалімдер, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері Әмір Әбдісалам, Абылай Бекарыс қатысты. Мұнда жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған баяндамалар, эсселер оқылып, оқушылар сұрақтарды талқылады. Шара соңында белсене қатысқан оқырмандар Алғыс хаттармен марапатталды.
Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте Семей облысында дүниеге келген. Ол қазақ драматургиясы мен театр өнерінің дамуына зор үлес қосқан. Ата-анасынан ерте айырылып, ағасы Қасымбектің қолында тәрбиеленген. Атасы Әуез, Абайдың шығармашылығын қатты ұнатып, Мұхтардың жазушы болып қалыптасуна үлкен әсерін тигізді. Жас кезінен бастап ізденіп, өмірінің соңына дейін әдебиет саласында тынымсыз еңбек етті. Мектептің 5-ші сыныбында оқып жүрген кезде, оның алғашқы шығармасы «Дауыл» жарық көрді. Ал, ең алғашқы пьесасы «Еңлік-Кебек» деп аталады. Бұл пьесада – екі жастың қайғылы тағдыры туралы жазылған. Семей облысының саяси-қоғамдық өміріне белсене араласқан. 1918 жылы Жүсіпбек Аймауытовпен бірге, «Абай» журналын шығара бастады. Көптеген қиыншылықтар мен азаптарды бастап кешіп, 30-шы жылдары ұлтшылдық үшін 2 жылға түрмеге қамалды. А.Құнанбаевтың еңбектерін зерттеп, 1942 жылы қазақ әдебиетінің ең атақты туындысы «Абай жолы» романы жазған. Көптеген рухани сынақтарға қарамастан, романның бас кейіпкері өз даналығын, мейірімділігін, ақылын және жүректің парасатын сақтап қала алды. Осы шығарма үшін 1959 жылы сол кездегі ең құрметті марапаттардың бірі – Ленин сыйлығына ие болды. Бір қыс Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде, төрт жыл Ленинград университетінде оқып, филология факультетін бітірген. Мұхтар Әуезов – ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының негізін қалаушы. Ол Мәскеу мемлекеттік университетінде профессор боп орналасып, дәріс оқыған. Германияға, Үндістанға, Чехословакияға, Жапонияға, АҚШ-қа, Өзбекстанға т.б. жиырмадан астам елге қызмет барысымен барып қайтқан. 1961 жылдың жазында Мәскеуге емделуге аттанды, бірақ ота жасау кезінде дүниеден озды. Мұхтар Әуезовтің шығармалары әлі де өзекті, ал пьесалары әлі күнге дейін театрларда сахналанып келеді.