Робототехника додасы аяқталды

Шымкент қаласында ROBOPARK LIGA XIII республикалық робототехника жарысы аяқталды. Еліміздің әр өңірінен келген 60-қа жуық команда үш санат бойынша бақ сынап, роботтарды құрастыру мен басқарудағы қабілеттерін көрсетті. Жарыс жас ұрпақтың инженерлік ойлауын дамытып қана қоймай, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект кең тараған кезеңде қажетті дағдыларды меңгеруге бағытталды.
Қатысушылар «Сумо», «Робот құрастыр» және «Кегельринг» санаттарында сайысқа түсті. Олар роботтардың құрылымын әзірлеп, басқару тетіктерін реттеп, белгіленген тапсырмаларды орындады. Мұндай жұмыстар оқушылардан техникалық біліммен қатар, логикалық ойлауды, мәселені жедел шешуді және командалық үйлесімді талап етеді.
Робототехника мен жасанды интеллект бір-бірімен тығыз байланысты салалар. Роботтың әрекетін бағдарламалау, сенсорлардан алынған мәліметтерді пайдалану және белгілі бір тапсырманы автоматты түрде орындау технологиялық ойлаудың негізін қалайды. Ал жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгеру үшін алгоритмдердің жұмысын түсіну, ақпаратты талдау және цифрлық құралдарды дұрыс қолдану маңызды. Сондықтан мектеп оқушыларының осындай жарыстарға қатысуы олардың болашақ мамандықтарға ертерек бейімделуіне көмектеседі.
Жарыс қорытындысы бойынша «Сумо» санатында Alem Line командасы бірінші орын иеленді. Robo Kent екінші, RoboTaraz үшінші орынға тұрақтады. «Робот құрастыр» санатында Robostars командасы жеңіске жетіп, RoboKids пен RoboKids 1 командалары екінші және үшінші орындарды алды. Ал «Кегельринг» санатында Auzhan KTL командасы үздік атанды. RP Nursat екінші орынға ие болса, 2 оқушылар сарайының «Тигрёнок» командасы үшінші орын алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды.
Іс-шараны ұйымдастыруға Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасы, Қамбар батыр мектебі және Shymkent Hub қолдау көрсетті. Жарысқа «Азия Сервис» компаниясының өкілдері де арнайы қонақ ретінде қатысты.
Жасанды интеллект дәуірінде технологияны тұтынумен шектелмей, оны құрастырып, басқара алатын мамандарға сұраныс артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, ROBOPARK LIGA XIII секілді жарыстар оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашып, болашақ цифрлық мамандардың қалыптасуына негіз болатын тәжірибелік орта саналады.


