Ғаламтордағы діни ақпаратты саралау маңызды

Oinet.kz 23-10-2026

image.png

Шымкент қаласында жастар арасында діни сауаттылықты арттыру және жат ағымдардың ықпалынан сақтандыру бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазақстан жоғары медициналық колледжінде өткен кездесуді қалалық Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды. «Ғаламтор діни ұстаз емес» тақырыбына арналған басқосуда интернеттегі діни ақпаратты дұрыс бағалау мен күмәнді мәліметтерден сақтану мәселелері талқыланды.

Кездесуге Жастар ресурстық орталығының аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің маманы Қармантай Нұржақсын, Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ сарапшысы Нұржан Абдукаримов және қалалық Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы Сейітхан Сымбат Ержанқызы қатысты.

Мамандар студенттерге интернет пен әлеуметтік желілерде таралатын діни мазмұндағы ақпараттың бәріне бірдей сене беруге болмайтынын түсіндірді. Әсіресе діни білімі мен тәжірибесі жеткіліксіз жастарға белгісіз парақшалардағы уағыздарға еріп, тексерілмеген мәліметті ақиқат ретінде қабылдау қауіпті. Сондықтан ақпараттың қайдан шыққанын анықтап, сенімді мамандардың пікіріне жүгіну қажеттігі айтылды.

Жиында зайырлы қоғамның құндылықтары, діни төзімділік және кереғар діни ағымдардың ықпалынан қорғану жолдары да сөз болды. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды. Ашық пікір алмасу жастардың діни мәселелерге саналы көзқараспен қарауына бағытталды.

Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғам қауіпсіздігін сақтаумен қатар, азаматтардың құқықтық жауапкершілігін арттыруды да көздейді. Ал діни салада ақпаратты сын көзбен бағалау, өзге көзқарасқа құрметпен қарау және арандатушылыққа ермеу маңызды. Әсіресе жастардың интернеттегі ақпаратты талдап, күмәнді мәліметті ажырата білуі олардың қауіпсіздігі мен қоғамдық келісім үшін қажет.

Осындай түсіндіру жұмыстары студенттердің діни сауатын арттырып, интернет кеңістігінде жауапты әрекет етуіне бағыт береді. Діни мәселеде шешім қабылдағанда ақпараттың сенімділігіне көз жеткізу және білікті мамандардың кеңесіне жүгіну маңызды.

Робототехника додасы аяқталды
Тазалық – ортақ жауапкершілік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу