Тазалық – ортақ жауапкершілік

Oinet.kz 23-10-2026

image.png

Шымкент қаласындағы М.Тынышбаев атындағы Шымкент ALT көлік колледжінде «Таза Шым» тақырыбында кездесу өтті. Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өтіп, жастардың құқықтық сауаты мен экологиялық мәдениетін арттыруға арналды.

Кездесуге Тұран ауданы прокуратурасының прокуроры Досымжан Әуесханұлы Рысқұл, Шымкент қаласы бойынша Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілінің маманы Нұрлан Альжанұлы Мырзабай, «Жасыл әлем» үйірмесінің жетекшісі, үздік экожобалардың авторы, эколог Балжан Бегалықызы Әмірәлі және Жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты.

Мамандар студенттерге заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау және құқық бұзушылықтың алдын алу туралы түсіндірді. Сондай-ақ әр азаматтың өз құқықтары мен міндеттерін білуі күнделікті өмірде дұрыс шешім қабылдауға көмектесетіні айтылды. Қоғамдық орындардағы тәртіп пен ортақ ережелерді сақтау – айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне де тікелей әсер ететін жауапкершілік.

Кездесудің тағы бір маңызды тақырыбы қоршаған ортаны қорғау болды. Эколог Балжан Әмірәлі табиғатқа жанашырлықпен қарау, қоршаған ортаны ластамау және тазалықты күнделікті әдетке айналдырудың маңызына тоқталды. Экологиялық мәдениет тек сенбілікке қатысумен шектелмейді. Қоқысты белгіленген орынға тастау, қоғамдық кеңістікті таза ұстау және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану да әр адамның ортақ іске қосқан үлесі.

Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуімен де тығыз байланысты. Заңды құрметтеу мен қоршаған ортаға қамқорлық таныту – күнделікті әрекеттен көрінетін ұстанымдар. Жастардың осы мәселелерге бейжай қарамауы қала тазалығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауда маңызды рөл атқарады.

Іс-шара соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды.

Ғаламтордағы діни ақпаратты саралау маңызды
Жастарға қауіпсіздік пен жауапкершілік түсіндірілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу