Жастарға қауіпсіздік пен жауапкершілік түсіндірілді

25 қазан – Республика күніне орай Шымкент қаласындағы «Авиценна» жоғары медициналық колледжінде жастармен кездесу өтті. Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өтіп, студенттердің құқықтық сауатын арттыруға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға арналды.
Кездесуге Жастар ресурстық орталығының Психологиялық көмек көрсету бөлімінің маманы Жібек Мұратқызы Сайдахан, Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Бахытжан Бекбаев және Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздік бөліміндегі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы, полиция капитаны Әсемай Анарбаева қатысты.
Мамандар интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, киберқылмыстың алдын алу және жеке деректерді қорғау мәселелеріне тоқталды. Қазіргі кезде алаяқтар азаматтардың сеніміне кіру үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Сондықтан бейтаныс адамдардан келген күмәнді сілтемелерге өтпеу, банк картасының деректері мен құпия кодтарды бөгде адамдарға бермеу маңызды. Цифрлық ортада сақтық таныту жеке қаражат пен жеке мәліметтердің қауіпсіздігін қорғауға көмектеседі.
Кездесуде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары да айтылды. Бұл ретте мамандар зорлық-зомбылықтың кез келген түріне көз жұма қарауға болмайтынын, адамның ар-намысы мен құқығын құрметтеу қажеттігін түсіндірді. Қиын жағдайға тап болғанда көмек сұраудан тартынбау және тиісті органдарға жүгіну де маңызды.
Жастарға өз әрекетінің салдарын бағалау, заң талаптарын сақтау және шешім қабылдағанда жауапкершілікті сезіну жөнінде кеңес берілді. Әсіресе студенттік кезеңде қалыптасқан дағдылар адамның кейінгі өміріне әсер етеді. Сондықтан қауіп-қатерді алдын ала бағамдап, мәселені заң аясында шешуге ұмтылу қажет.
Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты әр азаматтың құқығын қорғаумен қатар, оның қоғам алдындағы жауапкершілігін де қамтиды. Республика күні қарсаңындағы кездесу жастарға ел азаматы болудың мәні тек құқықты білумен шектелмейтінін, өзгенің қауіпсіздігі мен қадір-қасиетіне құрметпен қараудан да көрінетінін ұғындырды.


