Заңды білу – өзіңді қорғау

Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжінде жастардың құқықтық сауатын арттыруға арналған кездесу өтті. Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған іс-шарада интернет-алаяқтықтың алдын алу, құмар ойындарға тәуелділіктің зардабы және құқықтық жауапкершілік мәселелері талқыланды.
Кездесуге Жастар ресурстық орталығының Психологиялық көмек көрсету бөлімінің маманы Жібек Мұратқызы және Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Мақсат Шегірбай қатысты.
Мамандар студенттерге интернеттегі алаяқтық әрекеттердің кең тараған тәсілдері туралы айтып, күмәнді хабарламалар мен қаржылық ұсыныстарға сақтықпен қарау қажеттігін түсіндірді. Әлеуметтік желіде немесе мессенджерде таратылған ақпараттың бәріне бірдей сенуге болмайды. Белгісіз сілтемелерге өту, банк картасының деректерін бөгде адамдарға беру немесе оңай табысқа уәде еткен ұсыныстарға келісу қаржылық шығынға әкелуі мүмкін. Сондықтан кез келген шешім қабылдамас бұрын ақпараттың шынайылығын тексеріп, тәуекелді бағалау маңызды.
Кездесуде лудоманияның, яғни құмар ойындарға тәуелділіктің салдарына да назар аударылды. Құмар ойынға қызығушылық бақылаудан шыққан жағдайда адам қарызға батып, жақындарымен қарым-қатынасына және оқуына зиян келтіруі ықтимал. Мамандар жастарды ойын арқылы ақша табуға қатысты уәделерге сенбеуге, уақыт пен қаражатты дұрыс жоспарлауға шақырды. Егер тәуелділік белгілері байқалса, мәселені жасырмай, мамандардан көмек сұраудың маңызы айтылды.
Іс-шара барысында құқықтық жауапкершілік пен қауіпсіз мінез-құлық дағдылары да сөз болды. Жастарға күмәнді жағдайларда асығыс шешім қабылдамай, сенімді адамдармен кеңесіп, қажет болғанда тиісті органдарға жүгіну жөнінде кеңестер берілді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың құқықтарын қорғаумен қатар, әр адамның өз әрекетіне жауап беруін көздейді. Интернетте сақтық таныту, қаржылық тәуекелге саналы қарау және қиындықты дер кезінде мойындап, көмек сұрай білу – жастардың қауіпсіздігіне тікелей қатысты дағдылар. Кездесу соңында студенттер мамандарға сұрақтарын қойып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша жауап алды.


