Сыни ойлау мен ақпараттық сауаттың маңызы

Шымкент қаласындағы «Достық» қонақ үйінің мәжіліс залында діни экстремизмнің алдын алу және сыни ойлау мәдениетін қалыптастыруға арналған семинар-тренинг өтті. Қалалық Дін істері басқармасы ұйымдастырған жиынға бес ауданның пробация бөлімдерінің басшылары мен инспекторлары, тиісті департамент өкілдері және басқарма мамандары қатысты.
Қалалық Дін істері басқармасының бас маманы Асхат Қасымбек діни сауаттылық пен ақпаратты дұрыс бағалай білудің маңызына тоқталды.
— Діни экстремизмнің алдын алу үшін азаматтардың діни сауатын арттыру маңызды. Қазір интернетте түрлі ақпарат тарайды. Сондықтан әр мәліметті саралап, оның шындыққа қаншалықты сай келетінін ажырата білу керек, – деді Асхат Бақытжанұлы.
Ал теологиялық оңалту жұмысы жөніндегі бас маман Жандос Асанов пробация есебінде тұрған азаматтармен жүргізілетін түсіндіру жұмыстарының ерекшелігін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кездесулерде адамның психологиялық және әлеуметтік жағдайын ескеріп, қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету қажет.
— Біздің негізгі міндетіміз – пробация есебінде тұрған азаматтармен кездесіп, діни мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бұл ретте олардың психологиялық және әлеуметтік жағдайын да ескеру қажет. Азаматтардың қоғамға бейімделуіне көмектесіп, жастардың діни көзқарасының дұрыс қалыптасуына ықпал ету маңызды. Сонымен қатар түрлі арандатушылық әрекеттерге ермеудің жолдарын түсіндіру қажет, – деді маман.
Семинар барысында діни тұрақтылықты сақтау, радикалды көзқарастардың таралуына жол бермеу және пробация есебіндегі азаматтардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау мәселелері талқыланды. Қатысушылар үшін бұл бағыттағы жұмыстың маңызы – қауіптің салдарымен күресумен ғана шектелмей, оның алдын алуға көңіл бөлу.
Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында діни экстремизмнің алдын алу азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заң талаптарын құрметтеу міндеттерімен ұштасады. Бұл ретте ақпаратты тексеру, арандатушы үндеулерге ермеу және күмәнді мәліметті таратпау да жауапты азаматтық ұстанымның бір бөлігі. Ал түсіндіру жұмыстарының жүйелі жүргізілуі қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға және азаматтардың радикалды идеология ықпалына түсу қаупін төмендетуге бағытталған.


