Әлеуметтік желі – жауапкершіліктен тыс кеңістік емес

Шымкент қаласында полиция қызметкерлері әлеуметтік желідегі құқыққа қайшы әрекеттің жолын кесті. Тексеру барысында TikTok платформасында «Moldirmonika94» аккаунты арқылы тікелей эфирлер жүргізген 32 жастағы жергілікті тұрғын анықталды.
Полиция мәліметінше, тікелей эфирлер кезінде азаматша құқыққа қайшы мазмұндағы материалдар жариялап, көрермендерден ақша аударуды сұраған. Қаражат қабылдау үшін басқа адамға тиесілі телефон нөмірінің пайдаланылғаны да анықталған.
Құқық қорғау органдары жүргізген тексеру нәтижесінде аталған азаматшаның әрекетіне заң аясында құқықтық баға берілді. Нәтижесінде ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Бұл жағдай әлеуметтік желідегі кез келген әрекеттің құқықтық салдары болуы мүмкін екенін тағы бір мәрте көрсетеді. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер адамдардың пікір алмасатын, ақпарат тарататын және тікелей эфир арқылы көпшілікпен байланыс орнататын маңызды алаңына айналды. Алайда виртуалды кеңістік заң талаптары қолданылмайтын аймақ деген түсінік қате.
Кей жағдайда әлеуметтік желідегі аудиторияның көптігі адамды өз әрекетінің салдарын ескермеуге итермелеуі мүмкін. Алайда экранның ар жағындағы әрекет те нақты құқықтық жауапкершілікке әкелетінін есте ұстаған жөн. Жарияланған материалдың мазмұны, тікелей эфир барысында айтылған сөздер мен жасалған әрекеттер заң талаптарына қайшы келмеуі тиіс.
Полиция азаматтарды әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға шақырады. Қандай да бір ақпаратты жарияламас бұрын оның мазмұнына жауапкершілікпен қарау, өзгенің құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу маңызды. Құқықтық мәдениет тек көшеде немесе қоғамдық орында ғана емес, цифрлық кеңістікте де қалыптасады. Сондықтан әлеуметтік желідегі жариялылық азаматты жауапкершіліктен босатпайды. Тікелей эфир кезінде жасалған құқыққа қайшы әрекеттердің әрқайсысына заңнамаға сәйкес тиісті құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлғалар белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады. Заңды білу және оны сақтау – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты шарттарының бірі. Цифрлық ортада да «Заң мен тәртіп» қағидаты берік орнығуы қажет.


