Тазалық сақшылары – тәртіп күзетінде

Oinet.kz 01-09-2026

image.png

Қоғамдық тәртіп пен қоршаған ортаның тазалығы – қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселелердің бірі.  Осы бағытта «Тазалық сақшылары» жобасы аясында, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы мен «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында Еңбекші ауданының прокуратурасы «Қазақстан-Түркия достығы» саябағында кешенді іс-шаралар өткізді.

Іс-шараның  мақсаты – қала аумағында тазалықты сақтау, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту, коммуналдық қызметкерлердің еңбегіне құрмет қалыптастыру және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру. Тазалықты сақтау тек арнайы қызметтердің міндеті емес. Қоғамдық орындарды таза ұстау, қоқысты белгіленбеген жерге тастамау және абаттандыру талаптарын сақтау – әр азамат орындауға тиіс қарапайым әрі маңызды міндет болып табылады.

Іс-шара барысында аудан прокуратурасы мен «Тазалық сақшылары» жобасына қатысушылар бірлесіп, саябақ аумағы мен оған іргелес жерлерде тәртіптің сақталуына назар аударды. Сондай-ақ  қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізілді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде есірткі заттарына қатысты 385 заңсыз жарнамалық жазу мен граффити жойылды. Мұндай жазулардың қоғамдық орындарда пайда болуы, әсіресе жастар мен жасөспірімдер арасында теріс ақпараттың таралуына ықпал етеді. Сондықтан оларды дер кезінде анықтап, жою – құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды бағыттарының бірі.

Сонымен бірге тұрғындардың өтініштері бойынша 156 қоқыс үйіндісі тазартылды. Бұл көрсеткіш қоғамдық тәртіп пен тазалық мәселесінде тұрғындардың да белсенділігі артып келе жатқанын көрсетеді. 

Ал қоғамдық орындарды ластап, қоқыс тастаған 48 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  «Заң мен Тәртіп» қағидатының мәні де осындай күнделікті әрекеттерден көрінеді. Заң талаптарын сақтау тек ауыр қылмыстардың алдын алумен шектелмейді. Қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, белгіленбеген жерге қоқыс тастамау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау және өзгелердің құқығын құрметтеу де құқықтық мәдениеттің маңызды бөлігі болып саналады. Әр азамат белгіленген талаптарды орындап, қоғамдық ортаға жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана таза, қауіпсіз әрі тәртіпті қала қалыптастыруға болады.

Жасөспірімдер қауіпсіздігі басты назарда
Заңсыз алкоголь саудасына тосқауыл қойылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу