Заңсыз алкоголь саудасына тосқауыл қойылды

«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында заң бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар Шымкент қаласында жүйелі түрде жүргізілуде. Осы орайда «Айқын нәтиже» жобасын жүзеге асыру мақсатында Қаратау ауданы прокуратурасының үйлестіруімен аудан аумағында алкоголь өнімдерін заңсыз және лицензиясыз сатудың алдын алуға бағытталған тексеру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара барысында алкоголь өнімдерін саудалайтын дүкендер тексеріліп, кәсіпкерлердің тиісті лицензиясының болуы, сондай-ақ қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауына назар аударылды. Мұндай бақылау шараларының негізгі мақсаты – заңсыз саудаға жол бермеу, алкоголь өнімдерінің бақылаусыз айналымын шектеу және қоғамдық тәртіпке кері әсер етуі мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Жүргізілген шаралар нәтижесінде мамандардың көмегімен алкоголь өнімдерін заңсыз, лицензиясыз саудалаудың 42 фактісі анықталды. Тексеру барысында заң талаптарын бұза отырып сатылған 8 мыңға жуық алкоголь өнімі айналымнан алынды. Аталған фактілер бойынша сот қаулысымен 20 кінәлі тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сонымен қатар заңсыз саудаланған алкоголь өнімдерін жою туралы шешім қабылданды.
Заңсыз өнімнің қайтадан сауда сөрелеріне түсуіне жол бермеу де маңызды. Осыған байланысты Қаратау ауданының прокуратурасы сот қаулысына сәйкес жойылуы тиіс алкоголь өнімдерінің қайта айналымға шығарылуын болдырмау мақсатында мемлекеттік сот орындаушылармен бірлесіп, тәркіленген өнімдерді жою жұмыстарын жүргізді.
Бұл шаралар заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етумен қатар, заңсыз кәсіпкерлікке және алкоголь өнімдерінің бақылаусыз айналымына тосқауыл қоюға бағытталған. «Заң мен тәртіп» қағидатының басты мәні де – белгіленген талаптардың баршаға ортақ болуы және олардың мүлтіксіз орындалуы.
Қаратау ауданының прокуратурасы алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың алдын алу бағытындағы іс-шараларды жүйелі түрде жалғастырып, заң талаптарын бұзудың әрбір фактісіне тиісті құқықтық баға берілетінін ескертеді.


