Жасөспірімдер қауіпсіздігі басты назарда

Oinet.kz 01-09-2026

image.png

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. «Заң мен Тәртіп» қағидаты ең алдымен құқық бұзушылықтың алдын алуды, жасөспірімдердің заң талаптарын білуін және ата-аналардың бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауын көздейді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Әл-Фараби ауданының прокуратурасы «STOP-RISK» жобасы шеңберінде «Shymkent Plaza» сауда-ойын-сауық орталығында профилактикалық іс-шара өткізді.

Іс-шараның басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру. Профилактикалық жұмыстар барысында жасөспірімдердің бос уақытын қалай өткізетініне, сондай-ақ олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болуына ерекше назар аударылды.

Профилактикалық іс-шара кезінде анықталған кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оларға заң талаптары мен белгіленген шектеулер түсіндіріліп, бала қауіпсіздігіне ата-ананың жауапкершілігі ерекше атап өтілді. Өйткені баланың қайда жүргенін, кіммен араласатынын және бос уақытын қалай өткізетінін бақылау – ата-ананың тікелей міндеттерінің бірі.

«Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуды ғана емес, әр азаматтың өз жауапкершілігін сезінуін де талап етеді. Бұл ретте жасөспірімдерге заң нормаларын ерте жастан түсіндірудің маңызы зор. Өз құқығы мен міндетін білетін, заң талаптарын түсінетін бала түрлі келеңсіз жағдайлардан өзін қорғауға және дұрыс шешім қабылдауға бейім болады.

Жасөспірімнің қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан ата-аналардың заң талаптарын білуі, балаларын бақылауы және олардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауы маңызды. Ал құқық қорғау органдарының профилактикалық жұмысы осы жауапкершілікті күшейтіп, жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталады.

Әл-Фараби ауданында «STOP-RISK» жобасы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Заңды құрметтеу мен тәртіпті сақтау әдеті жастайынан қалыптасса, бұл өз кезегінде қауіпсіз әрі жауапты қоғамның берік негізіне айналады.

«Заң мен тәртіп»: қару айналымы бақылауда
Тазалық сақшылары – тәртіп күзетінде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу