Әкімшілік әділет: бес жылдық тәжірибе мен жаңа міндеттер

Oinet.kz 25-05-2026

image.png

Түркістан қаласындағы «Достық» үйінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘАПК) қабылданғанына 5 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті. Маңызды жиынға Түркістан облыстық сотының судьялары, мамандандырылған әкімшілік соттардың өкілдері, прокуратура және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, адвокаттар, жеке сот орындаушылар, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары мен мамандары қатысты.

Басқосуда еліміздегі әкімшілік әділет жүйесінің қалыптасуы мен даму кезеңдері, азаматтардың құқықтарын қорғаудағы соттардың рөлі, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Іс-шараны Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов ашып, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің еліміздің құқықтық жүйесіндегі тарихи маңызына тоқталды. Оның айтуынша, әкімшілік әділет институтының енгізілуі мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, құқықтық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

– Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс мемлекеттік орган мен азамат арасындағы дауларды қараудың жаңа үлгісін қалыптастырды. Бұл құжат азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиімді тетігіне айналды. Әкімшілік соттар мемлекеттік органдардың шешімдері мен әрекеттеріне құқықтық баға беріп, заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етіп келеді, – деді сот төрағасы.

Дөңгелек үстелде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануы еліміздегі құқықтық реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі екенін атап өтті.

Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

– Баршаңызды Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылданғанына 5 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті Қазақстан құру жолында заң үстемдігін қамтамасыз етуге, адам құқықтарын қорғауға және мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға айрықша мән беріп келеді. Әкімшілік әділет институтының енгізілуі – осы стратегиялық бағыттағы аса маңызды қадамдардың бірі. Кодекс азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың нақты тетігін қалыптастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі болып табылады, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі өз сөзінде ӘРПК-нің маңызды жаңашылдықтарының бірі саналатын «тыңдалу құқығы» қағидатына ерекше тоқталды. Бұл қағидат мемлекеттік орган қандай да бір шешім қабылдамас бұрын азаматтың пікірін тыңдап, уәждерін ескеруге міндетті екенін бекітті. Соның нәтижесінде азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейі артып, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі күшейе түсті.

Соңғы бес жыл ішінде Кодекстің қолданысқа енгізілуі мемлекеттік басқару жүйесінде елеулі өзгерістерге жол ашты. Мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы қарым-қатынас ашық әрі конструктивті сипат алып, өтініштерді қарау сапасы жақсарды. Сонымен қатар азаматтардың мемлекеттік органдардың әрекеттеріне қатысты өз құқықтарын қорғау мүмкіндігі кеңейді.

Жиын барысында Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев сөз алып, әкімшілік әділет жүйесінің құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды. Оның айтуынша, заң талаптарының сақталуы мен азаматтардың құқықтарын қорғау ісінде әкімшілік соттардың маңызы жылдан-жылға артып келеді.

Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңгер мамандарды даярлау және әкімшілік құқық саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту мәселелеріне назар аударды. Ол құқықтық мемлекет құру жолында ғылым мен тәжірибенің өзара байланысын нығайтудың маңызын атап өтті.

Дөңгелек үстелде әкімшілік әділет саласының бес жыл ішіндегі негізгі жетістіктері кеңінен сараланды. Қатысушылар сот тәжірибесіне енгізілген жаңашылдықтар, азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді құралдары, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру бағытындағы жұмыстар және халықаралық тәжірибелер жөнінде пікір алмасты.

Сарапшылардың пікірінше, әкімшілік соттардың құрылуы мемлекеттік органдардың қызметін барынша ашық әрі жауапты етуге ықпал етті. Бұрын азаматтар мемлекеттік органмен дауда өзін әлсіз тарап ретінде сезінсе, бүгінде әкімшілік әділет қағидаттары олардың құқықтарын қорғауға қосымша кепілдік беріп отыр.

Жиын барысында әкімшілік әділет жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар судьялар, заңгерлер, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау саласының мамандары арнайы марапаттарға ие болды. Бұл олардың құқықтық мемлекет қалыптастыру жолындағы еңбегіне көрсетілген құрмет ретінде бағаланды.

Қатысушылар Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің енгізілуі Қазақстандағы құқықтық реформалардың табысты жүзеге асуының жарқын мысалы екенін атап өтті. Сондай-ақ әкімшілік әділет институты азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге маңызды үлес қосып отырғаны айтылды.

Жиын қорытындысында әкімшілік әділет жүйесін одан әрі жетілдіру, құқықтық мәдениетті арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғаса беретіні атап өтілді. Өйткені құқық үстемдігі орныққан қоғам ғана тұрақты дамудың, әділдіктің және азаматтардың әл-ауқатының берік негізі бола алады.

Өркен ауылында тұрғындардың ұсынысы жүзеге асты
Сарыағашта өндірістік парк құрылысы қарқынды жүріп жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу