Сарыағашта өндірістік парк құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Oinet.kz 26-05-2026

image.png

Түркістан облысында өндіріс көлемін ұлғайту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, кәсіпкерлікті дамыту және халықты тұрақты жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмалары аясында облыста ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – барлық аудан мен қалаларда өндірістік парктер құру жобасы.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес қолға алынған бұл бастама өңірдің өндірістік қуатын арттырумен қатар, жаңа инвестициялық жобаларды тартуға және мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Қазіргі таңда мұндай жұмыстар Сарыағаш ауданында да қарқынды жүргізілуде.

Осыған байланысты Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев өндірістік парк аумағында болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы өндірістік аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу деңгейін зерделеп, құрылыс нысандарын аралады.

Сапар кезінде аудан әкімі инвесторлармен және мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, өндірістік парк аумағындағы жұмыстардың жай-күйін талқылады. Кездесуде құрылыс сапасын қамтамасыз ету, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау және болашақта кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мәселелері көтерілді.

Арман Абдуллаев өндірістік парктің аудан экономикасы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтіп, барлық жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын тапсырды. Оның айтуынша, өндірістік алаңдар іске қосылғаннан кейін жаңа кәсіпорындар ашылып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады.

Бүгінде өндірістік аймақта орналасқан бірқатар кәсіпкерлік нысандардың ғимараттарында сыртқы әрлеу және қаптау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымдарды қалыптастыру, электр қуаты, су және жол желілерін жүргізу бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып жатыр.

Жалпы өндірістік парктердің басты мақсаты – кәсіпкерлерге дайын өндірістік алаң ұсыну арқылы жаңа жобаларды іске асыру мерзімін қысқарту. Көп жағдайда кәсіпкерлер үшін жер телімін рәсімдеу, инженерлік желілер тарту және өндірістік ғимарат салу ұзақ уақыт пен қосымша шығындарды талап етеді. Ал өндірістік парк жүйесі осы мәселелерді шешіп, инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар өндірістік нысандарды пайдалануға мүмкіндік береді.

Түркістан облысында инвесторларды қолдау және жобаларды жедел іске асыру мақсатында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағытта мемлекет тарапынан барлық қажетті инфрақұрылым жүргізіліп, өндіріс орындарын ашуға қолайлы жағдай жасалуда.

Қазіргі уақытта облыстың арнайы экономикалық аймақтарында жалпы құны 976,4 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар индустриялық аймақтарда жалпы инвестициялық көлемі 132,3 миллиард теңгеге жететін жобалар іске асырылып жатыр.

Өңір экономикасын әртараптандыру және шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында аудандар мен қалаларда жалпы аумағы 214 гектарды құрайтын 25 шағын өндірістік алаң құрылған. Бұл өндірістік алаңдарда жалпы құны 192 миллиард теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда.

Аталған жобалардың нәтижесінде өңірде 5 218 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатын арттыруға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және жергілікті экономиканың дамуына оң ықпал етеді.

Өндірістік парк жобалары тек жаңа кәсіпорындардың ашылуына ғана емес, сонымен қатар өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Мұнда құрылыс материалдарын өндіру, азық-түлік өнімдерін өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз жасау, логистика және басқа да салалар бойынша кәсіпорындарды орналастыру жоспарланған.

Бүгінде Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында осы бастама аясында 258 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Бұл көрсеткіш өңірде өндірісті дамытуға бағытталған жұмыстардың кең ауқымда жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

Өндірістік парктердің іске қосылуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар жергілікті өнім көлемін ұлғайтып, импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашады.

Жалпы Сарыағаш ауданында жүргізіліп жатқан өндірістік парк құрылысы – өңірдің экономикалық дамуына серпін беретін маңызды жобалардың бірі. Болашақта бұл өндірістік аймақ жаңа кәсіпорындардың шоғырланған орталығына айналып, аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға және жергілікті бюджеттің кірісін арттыруға елеулі үлес қоспақ.

Әкімшілік әділет: бес жылдық тәжірибе мен жаңа міндеттер
Мақтааралдағы маңызды көпір күрделі жөндеуден өтуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу