Өркен ауылында тұрғындардың ұсынысы жүзеге асты

Мақтаарал ауданында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның нәтижесінде ауданға қарасты Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіндегі Өркен ауылында көптен күткен заманауи кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары үшін ерекше қуаныш сыйлаған жаңа нысанның ашылу салтанаты жергілікті жұртшылықтың қатысуымен жоғары деңгейде өтті.
550-ге жуық тұрғыны бар Өркен ауылы соңғы жылдары әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етіліп келеді. Бүгінде елді мекенде тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне қажетті негізгі жағдайлардың барлығы жасалған. Ауылда мектеп пен балабақша жұмыс істейді, табиғи газ бен ауыз су тартылған, ішкі көшелер мен жолдар ретке келтірілген. Енді осы жұмыстардың заңды жалғасы ретінде балалар мен жастардың спортпен айналысуына мүмкіндік беретін жаңа нысан іске қосылып отыр.
Салтанатты шараға Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары мемлекет тарапынан ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
– Өркен ауылы шағын болғанымен, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті барлық жағдай кезең-кезеңімен жасалып келеді. Бүгінгі пайдалануға беріліп отырған спорт және ойын алаңшасы – ауыл балалары мен жастары үшін үлкен мүмкіндік. Мұндай нысандар өскелең ұрпақты спортқа баулып қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруына ықпал етеді, – деді Бижан Шералыұлы.
Жаңа нысан бірнеше функционалды аймақтан тұрады. Мұнда халықаралық талаптарға сай қоршалған кіші футбол алаңы салынған. Алаңға сапалы жасанды көгал төселіп, кешкі уақытта да тұрғындардың пайдалануына қолайлы болуы үшін жарықтандыру жүйесі орнатылған. Бұл ауыл жастарына күннің кез келген уақытында спортпен айналысуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кешен аумағында волейбол алаңшасы жасақталған. Бұл ауыл тұрғындарының бұқаралық спорт түрлерімен тұрақты айналысуына жағдай жасап, түрлі жарыстар мен спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.
Балалардың қауіпсіз әрі қызықты демалысы үшін арнайы ойын алаңшасы жабдықталған. Мұнда сырғанақтар, әткеншектер, өрмелеу құрылғылары және түрлі ойын элементтері орнатылған. Сондай-ақ дене шынықтырумен айналысатын жастарға арналған заманауи воркаут алаңы қарастырылған.
Нысанның тағы бір ерекшелігі – тұрғындардың жайлы демалуына барлық жағдайдың жасалуы. Алаң аумағында орындықтар қойылып, көлеңкелі шатырлар орнатылған. Жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, аумақ толық абаттандырылған. Бұл жер алдағы уақытта ауыл тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналмақ.
Жалпы мұндай нысандардың ашылуы балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады. Бүгінде спорт инфрақұрылымын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Себебі бұқаралық спортпен айналысатын азаматтардың саны артқан сайын қоғамдағы салауатты өмір салтының үлесі де көбейеді.
Мамандардың айтуынша, ауылдық жерлерде спорт алаңдарының көбеюі жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға, денсаулықты нығайтуға және қоғамдық белсенділікті арттыруға оң әсер етеді. Сондықтан өңірлерде осындай нысандардың саны жыл сайын артып келеді.
Салтанатты шара барысында ауыл тұрғындары елді мекенде атқарылып жатқан игі жұмыстар үшін ризашылықтарын білдірді. Ақсақалдар жаңа спорт алаңы жас ұрпақтың болашағына жасалған маңызды инвестиция екенін айтып, ауылдың дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыстарын жеткізді.
Мерекелік іс-шара аясында А.Тұяқбаев атындағы жалпы орта мектептің 2006 жылғы түлектерінің мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай ауыл жастары арасында кіші футболдан турнир ұйымдастырылды. Жарысқа әртүрлі жастағы ауыл тұрғындары қатысып, спорттық бәсекеде өзара бақ сынасты. Турнир ауыл тұрғындарының басын қосып, ынтымақ пен бірлікті нығайтқан тағылымды шараға айналды.
Сонымен қатар ауыл тұрғындарына арнап дастарқан жайылып, ас берілді. Бұл шара ауылдағы татулық пен ауызбіршіліктің жарқын көрінісіне айналды.
Айта кету керек, жаңа спорт және ойын алаңшасы төртінші деңгейлі бюджет қаражаты есебінен Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі әкімдігі тарапынан салынды. Жоба тұрғындардың ұсыныстары негізінде жүзеге асырылып, халықтың сұранысына сәйкес бой көтерді.
Жалпы Өркен ауылында пайдалануға берілген жаңа спорт және балалар ойын алаңшасы ауылдың әлеуметтік келбетін жақсартып қана қоймай, жас ұрпақтың дені сау, белсенді әрі жан-жақты болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды нысан болмақ.


