«Жасыл» энергетикаға жол: Түркістанда ірі жоба жүзеге асуда

Oinet.kz 25-05-2026

image.png

Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобаның маңызды кезеңі басталды. Өңірде қуаттылығы 300 мегаватт болатын фотоэлектрлік-энергия сақтау жүйесі (ФЭС және ЭСЖ) жобасының алғашқы партиясының қадалы іргетасын құю рәсімі өтіп, нысанның негізгі құрылыс жұмыстары ресми түрде қолға алынды. Бұл жоба Қазақстанның «жасыл» энергетика саласындағы ең ауқымды бастамалардың бірі саналады.

Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй, инвесторлар, энергетика саласының мамандары мен жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, көміртегі шығарындыларын азайтуға және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін ұлғайтуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

– Былтыр желтоқсан айында осы жобаның уақыт капсуласын салып, құрылыстың басталуына куә болған едік. Бүгін маңызды жобаның негізгі құрылыс кезеңіне аяқ басып отырмыз. Түркістан облысының климаттық ерекшеліктері күн энергетикасын дамытуға өте қолайлы. Сондықтан бұл жоба өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, облыстың инвестициялық әлеуетін арттырып, жаңа өндірістік мүмкіндіктерге жол ашады деп сенеміз, – деді облыс басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, аталған инвестициялық жобаны жүзеге асыруға облыс әкімдігімен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметі мен салалық министрліктер де жан-жақты қолдау көрсетуде. Бұл – Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің нақты нәтижелерінің бірі.

Өз кезегінде «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй іргетасты құю рәсімі екі мемлекет арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін білдіретінін жеткізді.

Оның айтуынша, жоба халықаралық талаптар мен заманауи технологиялар негізінде жүзеге асырылады. Компания «Самұрық-Энерго» АҚ және өзге де серіктестермен бірлесіп, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуге күш салмақ.

Кездесу барысында «Qazaq Green Power PLC» жобалық кеңсесінің жетекшісі Асқар Әміртаев атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, құрылыс жұмыстарының жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғысын білдірді.

Айта кетейік, жобаның уақыт капсуласы өткен жылдың желтоқсан айында салынған болатын. Осы уақыт аралығында құрылыс алаңында ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Жер телімдері толық дайындалып, инженерлік желілер тартылды. Сонымен қатар болашақ күн электр станциясына қызмет көрсететін әкімшілік кеңсе, жұмысшыларға арналған жатын орындар мен қойма ғимараттарының құрылысы аяқталды. Бүгінде жобаның негізгі кезеңі – күн панельдері мен энергия сақтау жүйелерінің іргетасын дайындау және қондырғыларды орнату жұмыстары басталып отыр.

Жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 307 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл көрсеткіш оны Түркістан облысындағы ғана емес, Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы ең ірі инвестициялық жобалардың қатарына қосады.

Аталған жоба Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінен кейін Қазақстан мен Қытай арасында қол қойылған үкіметаралық негіздемелік келісім аясында жүзеге асырылатын алғашқы энергетикалық жоба ретінде де тарихи маңызға ие.

Сарапшылардың пікірінше, күн электр станциясының іске қосылуы өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін күшейтіп, электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар көмір мен басқа да дәстүрлі энергия көздеріне түсетін жүктемені азайтып, қоршаған ортаға келетін зиянды әсерді төмендетуге ықпал етеді.

Қазіргі таңда әлем елдері климаттың өзгеруімен күрес аясында көмірсутек көздерінен кезең-кезеңімен бас тартып, баламалы энергия көздеріне көшуді жеделдетіп жатыр. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалмай, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындауға басымдық беруде.

Түркістан облысы күн сәулесінің жылдық ұзақтығы бойынша республикадағы ең қолайлы өңірлердің бірі саналады. Сондықтан мұнда күн энергетикасын дамытуға арналған әлеует өте жоғары. Мамандардың есептеуінше, станция іске қосылғаннан кейін жыл сайын шамамен 674 миллион киловатт-сағат таза электр энергиясын өндіреді.

Бұл көлем жүздеген мың тұрғынды электр қуатымен қамтамасыз етуге жеткілікті. Сонымен бірге атмосфераға шығарылатын көмірқышқыл газының көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Яғни жоба экономикалық тиімділікпен қатар экологиялық маңызға да ие.

Күн электр станциясының құрылысы өңір экономикасына да айтарлықтай серпін береді. Құрылыс кезеңінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасалады. Ал нысан пайдалануға берілгеннен кейін жоғары білікті мамандарды қажет ететін тұрақты жұмыс орындары құрылмақ.

Инвестициялық жобаның жүзеге асуы қосымша инфрақұрылымның дамуына, қызмет көрсету саласының кеңеюіне және жергілікті бюджет түсімдерінің артуына да оң әсер етеді.

Жалпы, Түркістан облысында қолға алынған 300 МВт қуатты фотоэлектрлік-энергия сақтау жобасы өңірдің энергетикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық бастама болып табылады. Бұл жоба Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі мемлекеттік саясатын жүзеге асыруға, халықаралық инвестицияларды тартуға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге маңызды үлес қоспақ.

Мамандардың болжамынша, 2027 жылы пайдалануға берілетін күн электр станциясы Түркістан облысын жаңартылатын энергия өндірісінің маңызды орталықтарының біріне айналдырып, өңірдің тұрақты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

«Ulttyq Ónim – 2026»: Түркістан өнімдері төрден орын алды
Өркен ауылында тұрғындардың ұсынысы жүзеге асты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу