Қоғамда адалдық қағидатын қалыптастыру қажет

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық мәселесі әлем елдерінің барлығына ортақ күрделі проблемаға айналып отыр. Экономикасы дамыған, құқықтық жүйесі қалыптасқан мемлекеттердің өзі бұл дертпен үздіксіз күрес жүргізуде. Себебі сыбайлас жемқорлық қоғамның дамуын тежеп қана қоймай, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына нұқсан келтіреді, халықтың мемлекетке деген сенімін әлсіретеді. Сондықтан жемқорлықпен күрес – кез келген мемлекеттің стратегиялық маңызды бағытының бірі.
Қазақстанда да бұл мәселеге ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында заң мен тәртіп қағидатын нығайту, мемлекеттік аппараттың ашықтығын арттыру және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мәселесін үнемі көтеріп келеді. Осы бағытта елімізде «Қауіпсіз ел» жобасы аясында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтің ашықтығын күшейту және жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда.
Мамандардың айтуынша, сыбайлас жемқорлық тек пара алу немесе пара берумен шектелмейді. Бұл – мемлекеттік жүйенің тиімділігіне кері әсер ететін, қоғамдағы теңсіздікті күшейтетін және әділ бәсекелестікті бұзатын қауіпті құбылыс. Жемқорлық жайлаған ортада заң үстемдігі әлсіреп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келеді. Соның салдарынан халықтың билікке деген сенімі төмендейді.
Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналуы тиіс. Сарапшылардың пікірінше, жемқорлықты тек жазалау шараларымен жеңу мүмкін емес. Ең алдымен қоғамда адалдық пен әділдік құндылықтарын қалыптастыру қажет.
Түркістан қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының бас маманы С. Еркінбек де сыбайлас жемқорлықпен күресте қоғамның белсенділігі маңызды екенін атап өтті.
«Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әр азамат заң талаптарын сақтап, заңсыз әрекеттерге төзбеушілік танытқанда ғана әділ қоғам қалыптасады. Қоғамда адалдық қағидаты орнығып, заң үстемдігі күшейсе, мемлекетке деген сенім де артады. Бүгінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта мемлекеттік мекемелерде түсіндіру жұмыстары, семинарлар, дөңгелек үстелдер және құқықтық оқыту шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сонымен қатар жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мен адалдық құндылықтарын дәріптеу бағытындағы жұмыстар да маңызды саналады. Сондай-ақ қазіргі таңда цифрландыру жүйесін дамыту да жемқорлықтың алдын алудың маңызды тетігіне айналып отыр. Электронды үкімет қызметтері, онлайн өтінім беру жүйелері мен автоматтандырылған бақылау механизмдері мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы тікелей байланысты азайтып, заңсыз әрекеттердің алдын алады», – дейді ол.
Дамыған мемлекеттер бұл бағытта заңнаманы күшейтіп қана қоймай, мемлекеттік басқару жүйесін цифрландыруға, бақылау тетіктерін жетілдіруге және қоғамның белсенділігін арттыруға басымдық беріп келеді. Әсіресе мемлекеттік қызмет көрсету саласын автоматтандыру арқылы адам факторын азайту жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің тиімді жолына айналған.
Қазақстанда да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында бірқатар заңнамалық және институционалдық реформалар жүзеге асырылды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданып, жемқорлық қылмыстары үшін жауапкершілік күшейтілді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттыру, электронды мемлекеттік қызметтердің үлесін көбейту және қоғамдық бақылауды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қоғамда жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыруда азаматтық қоғам институттарының, бұқаралық ақпарат құралдарының және үкіметтік емес ұйымдардың рөлі ерекше. Себебі қоғамдық бақылау күшейген сайын заңсыз әрекеттердің жолы кесіледі. Ашықтық пен жариялылық қоғамдағы әділдік қағидатын нығайтуға ықпал етеді.
Сарапшылардың пікірінше, жемқорлыққа қарсы күресте жастар тәрбиесіне басымдық беру қажет. Өйткені заңға құрмет, адалдық пен әділдік секілді құндылықтар мектеп қабырғасынан бастап қалыптасуы тиіс. Қоғамда «пара беру де, пара алу да қылмыс» деген түсінік толық орныққанда ғана жемқорлықтың тамырына балта шабуға болады.
Мамандар қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін айтады. Себебі кез келген заң бұзушылыққа бейжай қарау – жемқорлықтың тамыр жаюына жол ашады. Сондықтан әр азамат құқықтық мәдениетті сақтап, заң талаптарын орындауға жауапкершілікпен қарауы қажет.
Жалпы, сыбайлас жемқорлықпен күрес – ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмысты талап ететін маңызды міндет. Бұл бағыттағы табысты нәтиже заңның үстемдігіне, қоғамның белсенділігіне және азаматтардың адалдық қағидатына деген көзқарасына тікелей байланысты. Әділдік пен ашықтық үстемдік құрған қоғам ғана тұрақты дамуға қол жеткізе алады.


