Алкогольден бас тарту – әлеуметтік тұрақтылық кепілі

Oinet.kz 04-05-2026

image.png

Түркістан облысында соңғы жылдары қоғамның салауатты өмір салтына бет бұруы айқын байқалады. Соның бір дәлелі – 80-ге жуық ауылдың алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартуы. Бұл шешімдер ешқандай әкімшілік қысымсыз, тұрғындардың ортақ келісімімен жалпы жиналыстарда қабылданып, ауыл дүкендерінен спирттік ішімдіктер толықтай алынып тасталған. Мамандардың айтуынша, мұндай бастама өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосып отыр.

Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы облыста алкогольден бас тартқан ауылдар саны 30 болса, бүгінде бұл көрсеткіш 80-ге жеткен. Бұл – қоғамда ішімдікке деген көзқарастың өзгеріп, салауатты өмір салтының кеңінен насихаттала бастағанының көрінісі. Жергілікті билік пен құқық қорғау органдары мұндай бастамаларды қолдап, оларды кеңінен таратуға ықпал етуде. 

Алкогольден бас тартқан ауылдардың бірі – Түлкібас ауданындағы Жиенбай ауылы. Мұнда үш жыл бұрын тұрғындардың ортақ шешімімен спирттік ішімдіктерді сату толық тоқтатылған. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар бірлесіп өткізген жиында қоғамның болашағы үшін осындай қадам қажет деген ортақ пікірге келген.

Ауыл тұрғыны Жеңісбек Мақатов бұл шешімнің тұрғындардың өз еркімен қабылданғанын атап өтті:

– Бұл шешімді бізге ешкім міндеттеген жоқ. Жоғарыдан да ешкім күштемеді. Ақсақалдар да ешкімді мәжбүрлеген жоқ. Қазір жастар да сауатты, ненің жақсы, ненің жаман екенін өздері түсінеді. Бізге тек осы шешімге қуанып, тұрғындардың қолдауын көру ғана қалды, – дейді ол.

Мұндай бастамалар тек тәртіп пен қауіпсіздікті ғана емес, әлеуметтік ахуалды да жақсартуда. Мамандардың пікірінше, алкоголь өнімдерінің қолжетімділігін шектеу отбасылық жанжалдардың азаюына, тұрмыстық қылмыстардың төмендеуіне және жастар арасында теріс әдеттердің алдын алуға ықпал етеді. Алкогольдің адам ағзасына зияны да аз емес: ол бауыр, жүрек-қан тамыр жүйесіне кері әсер етіп, жүйке жүйесін бұзады, психологиялық тұрақсыздыққа алып келеді. Сонымен қатар ішімдік жиі жағдайда қылмыс пен жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып саналады.

Осыған байланысты құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан алкогольдің зияны туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Мектептер мен ауылдық жерлерде кездесулер ұйымдастырылып, салауатты өмір салтын насихаттайтын ақпараттық шаралар кеңінен өткізілуде. Сонымен бірге медицина мамандары да ішімдіктің адам денсаулығына тигізетін ұзақ мерзімді зияны туралы тұрғындарға үнемі ескертіп келеді.

Түлкібас ауданындағы тәжірибе басқа ауылдарға да үлгі болуда. Келтемашат ауылдық округіне қарасты Кершетас пен Қоғалы ауылдары да алкогольсіз аймақ мәртебесін алған. Бұл ауылдарда қоғамдық тәртіп деңгейі жоғарылап, тұрғындар арасындағы өзара сыйластық нығайған. Жергілікті кәсіпкер Бақтыбек Жаманқараев мұндай шешімнің әлеуметтік әсері айқын екенін айтады:

– Дүкенді 2016 жылы аштық, шамамен он жыл болды жұмыс істеп келе жатырмыз. Алкоголь сатпау әкемнің шешімі болған. Ол әрдайым: “Адал саудада бәрібір береке болады” дейтін. Содан бері спирттік ішімдік сатпаймыз. Алдағы уақытта да сатуды жоспарламаймыз. Басқа дүкендер де осыны үлгі етсе деймін, – дейді кәсіпкер.

Мамандардың айтуынша, алкогольден бас тартқан ауылдарда әлеуметтік көрсеткіштер де оң өзгеріске ұшыраған. Түлкібас ауданындағы төрт ауылда соңғы бес жылда ауыр қылмыс тіркелмегені – соның нақты дәлелі. Құқық қорғау органдары мұндай тәжірибені қоғамдық қауіпсіздікті арттырудың тиімді тетігі ретінде бағалап отыр.

Облыс бойынша алкогольден бас тарту қозғалысы кеңейіп келеді. Мәселен, Мақтаарал ауданында 20 ауыл, Сайрам ауданында 12 ауыл, Төлеби ауданында 9 ауыл осы бастаманы қолдаған. Бұл үрдіс тек құқық бұзушылықтың алдын алумен шектелмей, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жастарды зиянды әдеттерден қорғауға және отбасы институтын нығайтуға бағытталған маңызды әлеуметтік қозғалысқа айналып отыр.

Қазіргі таңда сарапшылар мұндай бастамаларды кеңінен қолдау қажет екенін айтады. Себебі алкогольден бас тарту – тек жеке таңдау емес, ол тұтас қоғамның қауіпсіздігі мен болашағына әсер ететін маңызды қадам. 

Қоғамда адалдық қағидатын қалыптастыру қажет
Интернет-алаяқтық бойынша 843 дерек тіркелді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу