Интернет-алаяқтық бойынша 843 дерек тіркелді

Oinet.kz 27-04-2026

image.png

2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында интернет-алаяқтыққа қатысты 843 дерек тіркеліп, жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын көлемі 1 млрд 665 млн 783 мың теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш өңірде киберқылмыс түрлерінің тек артып қана қоймай, оның жасалу тәсілдерінің де күрделене түскенін айғақтайды.

Аталған мәселенің өзектілігі елімізде жүзеге асырылып жатқан «Қауіпсіз ел» жобасы аясында да ерекше назарға алынған. Жоба шеңберінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, соның ішінде интернет-алаяқтық пен киберқылмыстарға қарсы іс-қимылды күшейту, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік органдар мен азаматтардың өзара байланысын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Қауіпсіз ел» бастамасы цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуді де басты басымдықтардың бірі ретінде қарастырады.

Мамандардың айтуынша, интернет-алаяқтықтың кең таралуы цифрлық технологиялардың қарқынды дамуымен тікелей байланысты. Онлайн банкинг, электронды сауда, мемлекеттік қызметтердің интернет арқылы көрсетілуі азаматтардың өмірін жеңілдеткенімен, сонымен қатар алаяқтарға да жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Соның салдарынан киберқылмыс бүгінде қоғам үшін ең өзекті қауіптердің біріне айналған.

Осы мәселе өңірлік деңгейде өткен арнайы кеңейтілген талқылауда жан-жақты қаралды. Басқосуға салалық басқармалар, облыстық прокуратура, полиция департаменті, екінші деңгейлі банктер, ұялы байланыс операторлары және ірі сауда орталықтарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында интернет-алаяқтықтың алдын алу, киберқауіпсіздік жүйесін жетілдіру, мемлекеттік және жеке сектор арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту, сондай-ақ бірлескен әрекет тетіктерін дамыту мәселелері талқыланды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов киберқылмысқа қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, цифрландыру мен жасанды интеллект дамыған заманда интернет арқылы жасалатын қылмыстардың жаңа түрлері пайда болып отыр, сондықтан «Қауіпсіз ел» жобасы аясында заң мен тәртіп қағидатын күшейту – тұрақтылықтың негізгі кепілі.

Талқылау барысында Түркістан облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Ермек Шәкім өңірдегі интернет-алаяқтықтың негізгі түрлеріне тоқталып, нақты статистикалық деректерді ұсынды.

Оның мәліметінше, ең жиі кездесетін алаяқтық тәсіл – өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі ретінде таныстыру. Мұндай 340 дерек тіркелген. Сонымен қатар инвестиция салуға үгіттеу арқылы жасалған алаяқтық 98 жағдайды құраған. Онлайн сауда алаңдарында алдын ала төлем алып, тауар жібермеу деректері 255 рет анықталған. Бұдан бөлек, мессенджерлер арқылы таныс адамның атынан ақша сұрау – 49, жалған ұтыс ойындары бойынша алдау – 47 жағдай тіркелсе, өзге де тәсілдермен жасалған 54 қылмыс анықталған.

Жиында интернет-алаяқтықтың алдын алу шараларын күшейту мәселесі де кеңінен қозғалды. Қатысушылар халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, банктер мен байланыс операторларының қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру, күмәнді транзакцияларды автоматты түрде бұғаттау тетіктерін дамыту бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Бұл бағыттағы жұмыстар «Қауіпсіз ел» жобасының негізгі міндеттерімен де сабақтасып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, интернет-алаяқтықпен күресте тек техникалық қорғаныс шаралары жеткіліксіз. Ең бастысы – азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру және сақтық мәдениетін қалыптастыру. Себебі алаяқтар көбіне техниканы емес, адамның сенімін пайдаланады. Олар психологиялық тәсілдер арқылы азаматтарды алдап, жеке деректерін өз еркімен беруге итермелейді.

Сондықтан мамандар тұрғындарды кез келген күмәнді қоңырау мен хабарламаға сын көзбен қарауға, жеке деректерді, SMS-кодтарды және банк картасының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады. Интернет қауіпсіздігі – тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі екені ерекше атап өтілді.

Алкогольден бас тарту – әлеуметтік тұрақтылық кепілі
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу