Түркістан: Медицинаның өзекті мәселелері талқыланды
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Күн тәртібінде денсаулық саласы бойынша бірқатар мәселелер талқыланып, атқарылған жұмыстардың баяндамасы тыңдалды.
Алдымен «МӘМС жүйесі» туралы әлеуметтік сақтандыру қоры КЕАҚ Түркістан облысы бойынша директоры Бақыт Исмаханбетов баяндады.
- Түркістан қаласы тұрғындарының 83%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған болса, медициналық сақтандырылмаған азаматтар 17%-ды құрап отыр. МӘМС жүйесінде сақтандырылғандар медициналық көмектің кеңейтілген спектріне ие бола алады. МӘМС арқылы азаматтар профилактикалық медициналық тексеруден өтіп, учаскелік дәрігердің нұсқауы бойынша арнайы маманданған дәрігердің қабылдауына кіре алады. Сондай-ақ, созылмалы дертке шалдыққан жандар бейінді мамандардың бақылауында болады. Азаматтар стоматологиялық көмек, диагностикалық қызметтер, оның ішінде лабораториялық диагностика, стационарлық медициналық көмек, медициналық оңалту сияқты медициналық қызметпен қамтылады, - деді Бақыт Торғайбайұлы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Адам папиллома вирусына (АПВ)» қарсы вакцина бойынша қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шарифа Имантаева есеп берді.
- Адам папиллома вирусы – дененің әртүрлі бөліктерінің терісі мен шырышты қабығына әсер ететін вирустар тобы. Оның 200-ден астам түрі бар және оның 14 түрінде онкологияның даму қаупі жоғары. Адам папиллома вирусынан вакцина алу арқылы алдын алуға болатын онкологиялық ауру - жатыр мойны обыры. 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер арасында жиі кездеседі. Жыл сайын 1900-ден астам науқас тіркеледі. Емдеу жолы жоқ бұл дерттің алдын-алудың жолы вакцинация екендігін айтты, - деді Шарифа Омарәліқызы.
Сондай-ақ, жиында жауапты сала өкілі екпе салу бойынша атқарылатын жұмыстарды баяндады.