Серік Қалиев: «Кейде айтысқа еш қатысы жоқ адамдар да қазылық жасайды»
Айтыс – руханиятымыздан, ұлттық құндылықтарымыздан сыр шертетін қазақтың қазынасы. Қоғамдағы өзекті мәселелер мен түйткілді тың ойларды паш етіп, халықтың қалауын билікке өнермен жеткізетін дүние. Ақын Серік Қалиевпен айтыстың өткені мен бүгінін байланыстыра отырып, сұхбат құрған едік.
– Айтыс сахнасында жүргеніңізге 30 жылға таяп қалған екен. Осы аралықта сіздің ең мықты қарсыласыңыз кім болды? Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді ғой. Кімнен оңбай жеңілдіңіз?
– Бұйыртса, айтыс сахнасына шыққаныма келесі жылы 30 жыл толады екен. Ең алғаш, ақиық ақын М.Мақатаевтың 60 жылдығына арналған Республикалық студенттер айтысына қатысқанмын. Ол кезде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті едім. Республиканың түпкір-түпкірінен келген жас ақындармен бірге Алматы қаласының атынан үмітімді үкілеп мен де барғанмын. Айтысқа қатысамын деген жастар өте көп болды. Жүрсін ағамыз бір-бір шумақ айтқызып, көңілінен шыққандарды ғана үлкен додаларға қосатын. Сол студенттер айтысына қазақ айтысының майталманына айналған дүлділдер бозбала, бойжеткен шағында келіп қатысты. Мэлс, Карима, Маржан, Еленалар сол айтыста жарқылдап көрінді. Айтыстың финалында Ақмарал Ілеубаева екеуміз айтыстық.
Ақмарал: «Тормозсыз автобустай тоқтамайсың,
Жоқ па еді көшеңізде аялдама?» дегені есімде. Сірә, өз кезегімде ұзағырақ айтып жіберсем керек.
Мен де: «Қазақша болмаса егер аялдама,
Ендеше тоқтамауға үйренгенбіз» деп, жауап бергенмін. Ол кезде Алматыдағы көше атауларының барлығы дерлік орыс тілінде жазылатын.
Осы уақытқа дейін айтыстағы ақтаңгер ақындардың біразымен сөз сайысына түстік қой. Сөзден ұтылып, болмаса сахнада тоқтап қалған, оңбай жеңілген кезім болған емес. Кейде, табан асты берген жауаптың солғындау болып қалуы мүмкін. Ондай сәттер болды.
Негізінен, айтыстан кейін неге былай жауап бермедім екен, ана сөзін аңғармай қалыппын деп іштей қынжылатын сәттерің де болады. Тіпті керемет жауаптар, теңеулер айтысты аяқтап сахнадан түсіп бара жатқанда келетінін қайтерсіз. Бұл да осы суырыпсалмалық өнердің ерекшелігі, тылсымы, өзіндік қасиеті болса керек.
– Айтысуды бәсеңдетіп, сол айтысқа төрелік етіп жүрсіз. Бір сұхбатыңызда «Өзім қазылардан көп қиянат көргендіктен, мүмкіндігінше әділ бағасын беремін» деп айтқан екенсіз. Сол өзіңізге жасалған қиянат туралы бір үзік есіңізге түсіре аласыз ба?
– Айтысып отырған ақындардың жай-күйін сөз сайысында жүргендер ғана жақсы түсіне алады. Өкінішке орай, кейде айтысқа еш қатысы жоқ адамдар да қазылық жасайды. Қойған бағасына халықтың наразы болып, қарсылық танытқанына еш уәж айта алмай қалады. Әр қазы өз бағалауына лайық ескертпелері мен талдауын жасай білуі керек. Өзіме жасалған қиянат туралы бұрын жиі ойлайтынмын. Қазір бәрін есіме алғым келмейді, ұмытып кету керек екен. Сондықтан мүмкіндінше озып тұрған жүйріктің меселі қайтпаса екен деп тұрамын.
– Айтыстағы ұстазыңыз кім? Кімнен тәлім алдыңыз?
– Бала кезімнен телевизиялық айтысты көріп өстім. Өзім Алматыда мектеп-интернатта оқығандықтан, республика сарайында өтетін жыр сайыстарынан да қалмайтынмын. Айтыстағы аға буын ақындардың өнерін үлгі тұттым, солардың әуеніне салып еліктедім. Сырттай солардың бәрінен тәлім алып жүрдім деуге болады. Өмірден ерте кеткен Жетісудың жыр жүйрігі Жандарбек Бегімбетовтің әуеніне салып айтысқа шықтым.
Үшінші сыныпта оқып жүргенімде қырықтыққа ферма орталығына барғанда қойманың ішінде айтыскер ақынды, суырыпсалмалық өнерді алғаш көргенім бар. Ол – аудандық айтыстарға қатысып жүрген Атамбаев Кеңес аға болатын. Айнұр Тұрсынбаеваның әкесі Серік Жұматов біздің ауылдан. Ең алғаш өнеріме сәт сапар тілеген сол кісі.
– Тәуелсіздік жылдарындағы ең мықты үш айтыскерді атап өтіңізші?
– Тәуелсіздік - атамұра өнеріміздің қайта түлеуіне, дәуірлеуіне жол ашты. Халықтың сөзін айтып, мұңын жырлаған, жұртшылықтың ілтипатына бөленген ақындар легі келді. Әр айтыскер өз стилін, орнын қалыптастырды. Сондықтан бөле жарып үш ақынды ғана атап, шектелгім келмейді. Мысалы: марқұм, Құлманбеттің құлыны, оғлан Оразәлінің айтыстары фольклордың інжу-маржанына тұнып тұратын. Қарсыласын тұқыртып, нысанасын мүлт кетірмейтін Бекарыс Шойбековтің тәсілі ешкімге ұқсамайды. Айтысқа көркем образ, тың теңеу, кестелі жырымен келген Мұхамеджанның өзі бір әлем. Батыстан төкпе жырмен арындатып келетін Мэлс Қосымбаев өз өлең өрнегімен ерекшеленді. Кешегі сал-серілердің сарқытындай болып сахнаға көрік беріп отыратын Аманжолдың мақамы да, айтысу мәнері де бөлек. Өткір әзіл, уытты тілімен қысқа-нұсқа айта отырып, қарсыласын қапыда қалдыратын Айнұрдың айтыстары да айшықты еді.
Айтыстағы кейінгі буын осылардың әуені мен айтысу стиліне еліктеп шықты.
– Қырғызстанда партия айтысқа араласпайды. Еліміздегі айтыстың көп жылдан бері «Nur Otan - ның» эгидасымен өтіп жүргеніне калай қарайсыз?
– Айтыс – осы уақытқа дейін жеке азаматтардың қолдауымен өтіп келген болатын. Жүрсін Ерман ағамыз ауқатты азаматтарды демеушілікке тарту арқылы айтыстың көшін алға сүйреп келді. Біраз жылдан бері «Nur Otan» партиясы қамқорлығына алды. Айтысқа партия емес, айтыс оларға керек болған соң назар аудара бастады деп ойлаймын. Айтыс бірден-бір халықтың ішінен қайнап шыққан бұқаралық өнер. «Nur Otan» партиясы соны пайдаланып отыр. Айтысты – дала демократиясының көрінісі, ашық ой алаңы десек, бір партияның қадағалап отырғаны қалай болар екен деген ойда болғаным рас. «Nur Otan» өткізген айтыстарда ақындардың астарлап, тұспалдап, шындықты жеткізіп жатқанын естігенде кей олардың шеберлігі мен тапқырылығына риза болдым. Қалай десек те, айтыс өз табиғатынан ажырамайды.
– Эстрада жұлдыздары орындап жүрген «Иманың — жалғыз жолдасың», «Бақыт таңы», «Келші жаныма» әндерінің сөзін жазып, «Қара жорғаның» да қазақша нұсқасын да реттеп шығардыңыз. Қазір де әннің сөзін жазып жүрген боларсыз? Қандай әншілермен жұмыс істеп жүрсіз? Олар сізден «хит» пен «хайп» болатын ән сұрай ма?
– Бұрын әншілердің ұсынған әуендерін көңіліне қарап жаза беруші едім. Қазір саябырсыттым. Талғап, саралап әуені көңілімнен шықса ғана, жазып беремін. Композитор Халықберген Әбілжанов екеуіміз үнемі шығармашылық байланыстамыз. Біздің балаларға арналған әндеріміз өте көп. «Әжетайым» деген әніміз Қазақ радиосындағы «Балапан саз» байқауының «Жылдың үздік әндері » номинациясы бойынша жеңімпаз атанды, мектеп оқулығына да енді. Мүмкіндігінше мағыналы, тәрбиелік мәні бар әннің өлеңін жазуға ниеттімін.
– Сіз қазақ-қырғыз айтысына көп қатысатын айтыскерлердің бірі едіңіз. «Қырғыз айтыс» қоғамдық қорының құрылтайшысы Садық Шер-Нияздың тарапынан біздің қазақ айтыскерлері мен айтыс абызы Жүрсін Ерманға өкпе-назын білдіріпті. Қырғызстанда өтетін айтыста біз барлық жүлделі орындарды қанжығаға байлап келеміз. Ұлт аралық бөлінушілікті біз тудырып жатқан жоқпыз ба? «Қазақ-қырғыз бір туғанға» айтыс арқылы сызат түсіп жатқан жоқ па?
– Қырғыз елінде өтетін айтыста қос бәйге тігіледі. Сондықтан қазақ-қырғыз ақындарының бәрі риза болып қайтады. Біз сендерге барғанда елемей жібересіңдер деген өкпе-наздарын маған да айтқан. Қазақ еліндегі өткен айтыстан Жеңішбек сияқты мықты төкме ақындары жүлдемен қайтты емес пе?! Мен де өзің айтқандай қырғыз еліндегі айтыстарға бұрын көп қатысқанмын. Бірде жүлдемен, бірде жүлдесіз де қайтып жүрдік, еш ренжіген емеспін. Айтыс барысында көкейіме келіп қалған ойды да екі елдің арасындағы достыққа сызат түспесін деп жұмсартып жеткізген кезім де болған. Айтыс арқылы екі елдің арасына сызат түседі деп есептемеймін. Қазір осы кезге дейінгі айтыстарымды жинақтап, кітап дайындап жатырмыз. Соның ішінде алты айтысым қырғыз ақындарымен болған сөз сайысы екен.
– Отбасыңыз туралы айтсаңыз. Шығармашылық, өнердің адамысыз. Жанұяңызға жеткілікті көңіл бөлесіз бе? Отбасын берік ұстаудың 3 қағидасын атап беріңізші.
– Ұлтымызда отбасын берік ұстаудың өз қағидасы қалыптасқан. Отбасы алдындағы әкелік жауапкершілік, қамқорлық пен міндет бір сәт те қаперімнен шыққан емес.
– Карантин, ковид жалпы болып жатқан жағдайлардан не түйдіңіз? Немен шұғылдандыңыз?
– Карантин кезінде тәртіпке бағынып, сақтану шараларын ұстадым. Бұрын уақыт бөле алмай жүрген шығармашылық жұмыстармен айналыстым, Осы кез адамдарды ысырапшылықтан арылтып, жинақы, үнемді болуға үйретуде. Халықтың бір-біріне азық-түлік тасып, ниеттес болғандарын көргенде әлі де қайырымдылық пен мейірімнің сарқылмағанына куә болдым. Сын сағат кейбір саладағы олқылықтың бетін ашып берді. Әсіресе, медицина саласындағы кәсібилік қай деңгейде екенін көрсетті. Білім саласы да сандық жүйеге көшіп, әрең дегенде тал қармап шықты. Тәртіп сақшыларына да түбегейлі реформа керек екені байқалды.
– Айтыскерлердің саясатқа араласуын құптайсыз ба?
– Айтыс ақындары саясатқа араласып, тіпті парламентте де отыруы керек деп ойлаймын. Сахнада жырлаған елдің мұңын, қордаланған мәселелердің биік мінбелерде биліктің құлағына жеткізсе жаман ба?!
– «Армансыз адам – алысқа бармас» демекші, сіздің арманыңыз?
– Адамның арманы тоқтаған күні - уақыты да тоқтайды. Үміт пен арман жетектеп өмір сүріп келемін...
Сұхбаттасқан: Мария СӘУЛЕБЕКҚЫЗЫ