«Жатырымды жалға беріп, 3,5 миллион теңге таптым»: Суррогат ана болған келіншек шынын айтты
Әлеуметтік желіде Мақпал есімді келіншек өзінің бастан кешкен оқиғасын айтып, суррогат ана болуға қалай келісім бергенін баяндап берді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі “Қыздар-ай” бағдарламасына сілтеме жасап.
Осыдан бірнеше жыл бұрын қоғам “суррогат ана” ұғымына үрке қарайтын. Ал қазір бизнес көзіне айналып, “құрсағын жалға беретіндер” туралы жарнама көп. Оны бағдарлама кейіпкері де растайды.
“Осыдан екі жыл бұрын дүниеге қыз алып келдім. Ол менің балам емес, тапсырыс берген адамдардікі. Әйелінің денсаулығы жарамай, жатырын алдырып тастаған. Күйеуім де мені қолдап, аман-есен қыздарын дүниеге әкеліп бердім. Жолдасым жетім өскендіктен, жағдайымыз өте қиын болды. Тұңғышым кішкентай болатын. Бұл қадамға тұрмысымызды дұрыстау үшін бардық. Жатырымды жалға беріп, 3,5 миллион теңге таптым. Сол ақшаны бастапқы жарнаға құйып, пәтер алдық. Ай сайын 150 мың теңге пәтерақысын сол кісілер төлеп тұр. Ол бізге аз көмек емес”, – дейді жас ана.
Құрсағын жарып шыққан сәбиді “ата-анасына” тапсырар кезде қимай қалғанын да жасырмады.
“Босанғаннан кейін баланы бергім келмегені рас. Тоғыз ай бойы жүрегіміз қатар соққасын бауыр басып қаласың. Бірақ ол күйеуім екеумізден жаралған бала болмағандықтан салқынқанды қабылдадық. Менің құрсағыма дайын пісіп-жетіліп тұрған мұздатқыштағы ұрықты орналастырды. Сондықтан да баланы табыстап, келісілген сумманы санап алдық. Менің жатырым тек ұрықтың дамуы үшін пайдаланған құрал болды. Мұндай жолмен балалы болу дінде де рұқсат етілген. Біз ол туралы да зерттедік. Қыздың әкесімен жақындасып, некесіз қарым-қатынас жасамадық. Егер сондай жағдай болса ол сөзсіз зина болып есептелер еді. Ал менің жатырыма мұздатылған ұрықты орналастырды”, – деп түсіндірді.
Мұны естіген исламтанушы ғалым бірден қате түсінік екенін айтты.
“Құрсақ жалға беретін аналардың қадамын дін құп көрмейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына келіп түскен көптеген сұрақ пен өтінішке байланысты ғұламалар кеңесі құрсақ ана болудың шариғи үкімін берді. Онда ислам діні тек бір жағдайда қолдан ұрықтандыруға рұқсат етеді делінген. Ерлі-зайыптылардың ұрығы табиғи түрде ұрықтана алмаған жағдайда (тек ерлі-зайыптылардікі ғана, басқанікі емес). Бұл жерде басқа әйел, не ер адамның ұрығын пайдалануға болмайды”, – дейді дін өкілі.
Кейіпкердің айтуынша, табиғи жолмен бала да көтеріп, “қыздан” кейін екінші ұлын өмірге әкелген.
Студия қонақтарының да пікірі екі бөлінді. Бірі қолдаса, екіншісі “тасжүрек” ана атандырды.