Марқұмның асын тойханада өткізудің қажеті бар ма?

Oinet.kz 24-02-2019 4803

664b17f78a219179969e5ff2bfb87a84.jpg

Өмір бар жерде өлім бар. Бұл өмірдің заңы. Мені қынжылтатыны, бүгінде бір кісінің ет жақын бауыры, атасы не анасы қайтыс болса мәйіттің әлі жаназасы шығарылмай жатып мал сойылып, алдын ала тойға дайындалғандай бәйек болып жүреміз. Ал хадисте Пайғамбарымыз «Мен қаралы үйден дәм татқан адамнан ұзақпын» дейді. Демек асты қаралы үйдің өзі жасамасын, туыстары және басқа ағайындар, көршілер жасасын деген ұғымда. Ас тек ұзақтан келген ағайын-туыстарға берілуі тиіс. Оңтүстікте қаралы үйден жеті күнге дейін түтін шығартпай, үрдісті сақтай білетін кейбір елді мекендер бар. Мұндай тәртіп сол елді мекеннің қариялары және ел ағаларының ынтымағынан, ауызбіршілігінен деп ойлаймын.

Марқұм болған адамның жеті, қырық, жүз күндігін, жылдық асын беріп еске аламыз. Осындай іс-шараларды бақуатты, қаражаты мол адамдар еш ойланбай, қиналмастан үсті үстіне мал сойып, той секілді өткізіп жатыр. Ал өлместің күнін кешіп жүрген, материалдық жағдайы төмен отбасылар да елге таба, жұртқа күлкі болмайын деген оймен асты қарыз ақшамен тыраштанып  өткізуде. Онсызда нанын әрең тауып отырған кедей-кепшіктің қарызды өтеуі қиынға соғатыны анық. Мейлі ас берілсін, марқұмды жиі еске алып тұрсын, бірақ о дүниелік болған кісіге құран бағыштауды әсем тойханада  өткізу артық деп білемін. Тойханада беріліп жатқан асты көрсем, шынымды айтсам құлазып қаламын. Себебі бір шетте молда уағыз айтып, екінші бұрышта қазалы болған адамның туыстары қайғырып, жылап тұрса,  осының бірінде   елемей жиналған көпшіліктің бір бөлігі өзара қызу әңгімелесіп, күліп-ойнап отырады. Енді береулері тіптен аш қалғандай ішіп-жегенімен қоймай, ас-дәмнен «сыбағаларын» сөмкелеріне салып алады. Осындай жағымсыз көріністерді көргенде асты не мақсатта, кім үшін, не үшін өткізіп жатқаныңды ұмытып қаласың. Кеше ғана той болып, сауық-сайран салып, арақ ішілген жерде бүгін  құран бағыштаймыз. Шариғат бойынша қаза болған адамның жеті, қырық, жүз күнін, жылдық асын ысырап етіп, «ағылып-төгіліп» той секілді өткізу керек деп еш жерде жазылмаған. Етек-жеңімізді жиып, дінімізді құрметке бөлейтін тұста осындай келеңсіз дәстүрдің таралып, қоғамға сіңіп кетуінен сақтануымыз қажет. Марқұмның туыстары өз үйінде оған арнап құран бағыштап тұрса тірі пенде үшін одан асқан сауап жоқ. Біз сауап істі тойға, күлкіге айналдырмай, өлімнің жөн-жоралғыларын өз жолымен атқарсақ деймін.  Оңтүстік Қазақстан облысының қазіргі бас имамы Ахметжан Керімбеков көпшліктің көкейінде жүрген осы мәселеге бей-жай қарамай игілікті істі қолға алса кәнекей!  

Қайрат Умаров,

Шымкент қаласының тұрғыны,

«Рейтинг» газеті, №12, 31 наурыз 2016 жыл

Белгілі уағызшы: «Кредит алған адам ауыр күнә арқалайды»
Ә.Юлдашев, шырақшы: «Адамдар әруақтарды сыйлаудан қалды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу