Қадір түнін қалай өткізген дұрыс?
Ислам әлемінде күллі мұсылман қауымы үшін түндердің ең қайырлысы - Қадір түні! Бұл - қасиетті Құран Кәрім түсе бастаған, Рамазан айының ішіндегі және Құран Кәрімдегі мадақталған ерекше түн. Дін ғалымдарының айтуынша, бұл ерекше түннің нақты датасы анық емес, дегенмен мүбәрәк Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде келеді делінеді. Десе де, Рамазан айының 27-і түніне дөп келеді деген риуаятқа сәйкес, дәстүрлі түрде осы ерекше түнді дін білгірлері биыл шілденің 1-інен 2-іне қарағанда деп белгілеп отыр. Яғни, бүгін күн батқан уақыттан бастап Қасиетті Қадір түні кіреді. Ендеше ол түнді қалай қарсы алған ләзім?
Айлардың сұлтаны - Рамазан айы болса, түндердің ең құндысы, ең қасиетті түн - Қадір түні. Өйткені, бұл түн барша адамзатқа арналған Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған түн. Ләйләт-ул-Қадір Оразаның соңғы он күнінің бірінде болады. Мұсылман үмбетіне түсірілген қасиетті осы түн туралы Құран Кәрімнің «Қадір» сүресінде айтылады. Бес аяттан тұратын сүреде Құранның Қадір түнінде түсірілгендігі, оның мың айдан қайырлы екендігі, бұл түнде Жәбірейіл періште Алланың әмірімен жер бетіне түсіп, одан басқа сан жетпейтін періштелер де адамдарға қызмет ететіндігі және таңға дейін тыныштық болатындығы айтылады. Қадір түні періштелер мұсылмандарға дұға оқып, тілеулес болады. Бұл кеште жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең сауабы болатындығына байланысты мұсылмандар Қадір түнін құлшылықпен өткізуге тырысады.
Кейбір риуаяттарға қарағанда Қадір түні Рамазан айының 27-ші түні дегенмен Қадір түнінің дәл қай түн екені нақты белгісіз. Бірақ Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріптері Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің біріне және тақ түндеріне сәйкес келетіндігін нұсқаған. Ислам ғалымдарының көзқарастары бойынша, бұл түн Рамазан айының тақ түндеріне, әсіресе, 27-ші түніне сәйкес келеді. Олардың айтуынша, Қадір түнінің нақты датасының белгісіз болуының даналығы, мұсылмандар Рамазан айының тек сол түнімен ғана шектелмей, соңғы он күн мен түнді түгелдей құлшылықпен өткізсін дегенінде де болуы мүмкін. Себебі, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өзі соңғы он түннің бәрінде де құлшылықпен өткерген екен. Бұл туралы Айша анамыз: «Рамазанның соңғы он күні келгенде, Алла Елшісі (с.ғ.с) түндерін намазбен өткізген, отбасы мүшелерін оятқан және құлшылықтарында ерекше ынта танытқан», - деген (әл-Бухари 2024, Муслим 1174). Сондықтан тақуалар ораза айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізетін болған.
Сонымен қатар, дін ғалымдары Қадір түнінің жалпы қасиетін жұмыр басты пенде өз ақылымен біле алмайтынын алға тартады. Сондықтан Қадір түнінің ұлықтығы мен артықшылығы жайында Алла Тағала былай деген екен: «Расында, Біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік. Ал саған Қадір түнінің не екенін не білдіреді? Қадір түні мың айдан да артық. Ол кезде Раббыларының қалауымен, Оның әрбір әмірі үшін, періштелер мен Рұх (Жәбірейіл) түседі. Ол (түн) - таң атқанша сәлем!» (Қадір сүресі 1-5 аяттар). Және де былай деген: «Анық Кітаппен ант етемін! Біз оны берекелі түні түсірдік, әрі Біз ескертеміз. Бұл түні, Біздің әмірімізбен барлық дана істер шешіледі» (Духан сүресі, 2-5 аяттар). Яғни, Жаратушы Иеміз бұл түнде жасалған құлшылықты мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды.
Бүкіл адамзатқа Құран түсе бастаған ерекше және қасиетті түннің Қадір аталуының да себебі бар екен. Бұл араб тіліндегі «қадір» сөзі «мән-маңыз» және «өлшем», сондай-ақ «құдырет» деген мағыналарға дөп келеді. Түннің «Қадір түні» деп аталуын ислам ғұламалары бұл түнде Алла Тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, ризық-несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын сол секілді тағы басқа жағдайларын жазатындығымен байланыстырады. «Қадір» және «тағдыр» сөздерінің түбірлестігінен де осыны аңғаруға болады. Әнәс ибн Мәлик былай айтқан: «Рамазан келгенде, Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда, мың айдан да артық бір түн бар. Сонда кім ол түннен мақрұм қалса, онда ол оның барлық игілігінен мақрұм қалады. Ал оның игілігінен тек нағыз ғана мақрұм адам айырылып қалады!», - деді» (Ибн Мджаһ 1/289. Сенімділігін хафиз әл-Мунзири және шейх әл-Әлбәни растаған. «әс-Силсилә әс-сахиха» 1307). Қадір түнінде Жәбірейіл мен бүкіл періштелер жер бетіне түседі. Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде, періштелер ұсақ тастардан да көп болады», - деген. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді», - деген екен. Тағы бір хадисте: «Рамазан айы бойынша ақшам және таң намазын жамағатпен оқыған адам Қадір түнінен көп несібе алады», - деген. Ендеше Қадір түні Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үмбетіне деген терең сүйіспеншілігінен туындаған дұғасының құрметі үшін қабыл болған.
Дін ғұламалары «Алланың мейірімінен үміт еткен әрбір адам Қадір түні кірместен бұрын ғұсыл алып, толық жуынып, дәрет алып, таза киім киіп, үстіне хош иісті әтір сеуіп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасауы тиіс» деп есептейді. Дін ұстаушылардың сөзіне қарағанда, бұл түнді жамағатпен бір ортада - мешітте өткізген де абзалырақ. Өйткені мешітте көпшілік құлшылық жасап, имамдар уағыз айтады. Сонымен қатар, Қадір түнінде үйде діни кітап оқып, діни фильмдер көру де ғибадат болып саналады.
Бірде Айша анамыз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Уа, Аллаһтың елшісі! Егер Қадір түніне жетсем қандай дұға оқиын?», - деп сұрағанда, Ол: «Аллаһумма, иннәкә афуун, тұхиббул афуа, фаафу анни» (Уа Аллаһым! Сен тым кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!)», деп дұға ету керектігін үйреткен. Яғни, Қадір түнінің қадірін білгендерге Алланың мейірімі мен берекесі жауады, ал одан құр қалмау адамның рухани сергектігіне байланысты. Пайғамбарымыз үйреткендей, мұсылман баласы әрбір ісіне өзіне берілген ең соңғы мүмкіндік секілді қарай білуі керек. Сол себепті Қадір түнін енді көрем бе, көрмеймін бе, дегендей өте бір мұқияттылықпен өткізгені жөн.
Дегенмен, түннің барлық уақытын құлшылықпен өткізе алмайтын кісілер, түннің бір бөлігін болса да ізгі амалдармен өткізсе болады. Соның ішінде қасиетті түнді Алла Тағалаға құлшылық жасау, намаз оқу, Құран оқу, үйрену, үйрету, уағыз айту және тыңдау, шариғат үйрену, тәсбіх тарту, діни кітаптар оқу, діни фильмдер көру, мешітке келгенде дүние сөзін сөйлемеу амалдарын орындау арқылы зиярат етіп өткізу керек. Қадір кешінің уақыты күн батқаннан сәресіге дейін жалғасады. Бұл түннің ғибадаттарын мұсылмандар мешіттерде де, өз үйлерінде де атқара алады. Кейбір мұсылмандар Қадір түнінде түні бойы дастархан жайып қойып, қолдарын қусырып отырумен шектеледі. Не болмаса, теледидар қарап, әңгіме айтумен өткізеді. Түні бойы көз ілмей, ұйықтамай шықсақ жеткілікті деп есептейді. Ислам ғалымдары бұны да қате деп санайды. Имамдардың айтуынша, Қадір түнін өткізу үшін түні бойы дастархан жайып қою шарт емес. Ең бастысы мүминдер бұл түнді дайындықсыз өткізбеуі тиіс. Өйткені, Әбу Хұрайра (р.а.) сахабамыз жеткізген хадисте «Кімде кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары кешіріледі» делінген (Бұхари, Қадір, 1).
Түйіндей айтсақ, бұл түнді ғибадатпен өткізу үшін қаза намазды, Құранды оқу керек, дұға мен тәубе жасап, тілек тілеу, садақа беріп, олардың сауабын өлі-тірі барша мұсылмандарға бағыштау сауапты іс ретінде саналады екен.
Ендеше берекесі мен қайыры мол түнді бекерге өткізіп алмайық, барша ағайынға Қадір түнін игілікпен өткізуге нәсіп етсін!
Дереккөзі: ҚазАқпарат.