Дінде пластикалық ота жасатудың үкімі қандай?

Oinet.kz 10-12-2019 2824

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапына жолданып жатқан сауалдардың дені медициналық мәселелерге де қатысты. Жамағаттан келіп түскен түрлі сұрақтарға дәлелді де уәжді жауап қайтарылып, көптеген мәселелерге қатысты үкім беріліп жатқанын атап өткен жөн.  Осындай пәтуаларды  тек  қарапайым халық емес, дәрігерлердің өздері де біле жүргені абзал. Осыған байланысты бүгінгі таңда көпшіліктің көкейінде жүрген, медицинаға қатысы бар бірқатар мәселеге қатысты дін өкілдерінің берген жауабын жариялағанды жөн көрдік. 

Screenshot_9.jpg

Пластикалық ота дегеніміз адам дене мүшесінің туабітті немесе кейіннен (жазатайым оқиғаның, өрттің т.б. салдарынан) пайда болатын кемістіктерді қалпына келтіру үшін емделу мақсатында немесе тәндері сау бола тұра әсемдік мақсатында жүргізілетін хирургиялық операция.

 Пластикалық ота жасау ерікті немесе еріксіз болып екіге бөлінеді: 

1. Еріксіз (реконструктивтік) пластикалық ота жасау. Бұл адам ағзаларындағы барлық кемістікті емдеу үшін жасалатын ота. Оған саусақтың жабысуы, қоян ерін, адамның табиғи жаратылысымен үйлеспейтін, адамға психологиялық тұрғыдан кері әсер ететін ағзадағы кемшіліктер тәрізді туабітті немесе кейіннен жол апаты, күйіп қалу т.б. секілді жағдайларда туындаған кемістіктер жатады. Емдік мақсатында пластикалық ота жасатудың бұл түріне рұқсат етіледі. Адамның дерті немесе кеселі құрдымға алып баратындай жағдайда болса, шариғатымызда оған емделуді уәжіп етеді. Тіпті, мұндай жағдайда адамның тәні түгелдей опат болып кетпеуі үшін денесінің сау бір бөлігін (тері, кейбір сүйектері) алып, сырқаттанып тұрған жеріне қондыруға рұқсат етеді. Екінші: Ғалымдар емдік мақсатында алтыннан тіс салдыруға, мұрынды протездеуге рұқсат берген. Сондықтан туабітті немесе кейіннен пайда болған кемістіктерді қаз-қалпына келтіру үшін де емдеу мақсатында ота жасатуға болады. 

Имам Нәуәуи Абдулла бин Масғудтан (р.а.) жеткен хадистің түсіндірмесінде: «Әдемі көріну мақсатында тістерінің арасын ашушы» дегеннің мағынасы әсемдік үшін істегенін білдіреді. Демек, бұл әдемі көріну мақсатында жасалған кезде харам болатынын аңғартады. Ал емделу мақсатында немесе тісіне бір кемістік туындаған сәтте оны түзетудің оқасы жоқ», – деді. Сондықтан имам Нәуәуидің бұл тұжырымы аталмыш ота жасатудың түрі емделу мақсатында болғандықтан жаратылысты өзгерту болып саналмайтынына айғақ болады. Аталмыш пластикалық операциясында жаратылысты әдейі өзгертіп жатқан жоқ. Керісінше, жазатайым оқиғаның салдарынан емдеу мақсатында істеліп жатыр. Ал әдемілік соның салдарынан туындап жатыр. Осыған орай дәрігер де, ауру адам да емдеу мақсатында еріксіз пластикалық операция жасатуға рұқсат етіледі. 

2. Ерікті (косметикалық) хирургия. Бұл адамның өз еркімен әдемі көріну мақсатында жасалатын ота. Бұның өзі пішінін өзгерту және жасарту болып екіге бөлінеді. Бірінші түріне мұрынның пішінін өзгерту, иекті түзету, омырауды үлкейту немесе кішірейту, отопластика (құлақ қалқандарын түзету), ота арқылы ішті тарту (абдоминопластика) т.б. жатады. Ал екіншісіне бетті тартып, әжімін кетіру, қабақты лазермен тарту тәрізді әсемдік үшін немесе табиғи кәрілікті жасыру мақсатында жасалатын оталар жатады. Бірқатар ғалымдар пластикалық отаның аталмыш түрлеріне тыйым салған. Өйткені ол жаратылысты өзгертумен тең. Алла Тағала мұндай өзгертулерді харам еткен. Ол жөнінде Алла Тағала Құранда Ібіліс шайтанның былай деп ант ішкендігін ескертеді: «Оларға Алланың жаратылысын өзгертсін деп әмір етемін». Абдулла ибн Масғұд (р.а.) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқандығын риуаят етеді: «Алла Тағала денеге сурет салушыны, сурет салғызғанды, қас терушіні, қас тергізгенді, әдемі көріну мақсатында тістерінің арасын ашқандарды, Алланың жаратылысын өзгерткендерді лағнеттеді». Сондай-ақ, отаның бұл түрі алдамшылықты, көзбояушылықты қамтыған. Ал бұлар шариғатымызда харам етілген. 

Дегенмен, адамның көркем бейнесінде қандай да бір ақау пайда болса әрі оған психологиялық тұрғыдан кері әсер етсе, онда ерікті пластикалық ота жасап емдеудің оқасы жоқ деген ғалымдар да бар. Бұл кездегі емдеу процесі оны алғашқы үйреншікті, табиғи қалпына қайтару болып саналады. Егер көзбояушылық және Алланың әуелгі табиғи жаратқан бейнесіне өзгеріс енгізу мақсаты болса, оған шариғатымызда қатаң түрде тыйым салады. Үкім: - Адамның бойында туабітті немесе кейіннен пайда болған кемістіктерді, қалпына келтіру үшін емдеу мақсатында еріксіз (реконструктивтік) пластикалық ота жасауға рұқсат. - Егер ерікті пластикалық ота табиғи бейнеден тыс жаратылысты өзгертуге алып барса, әрі айлакерлік, алдамшылық, көзбояушылық мақсат етілсе, онда оған рұқсат етілмейді. 

Жайнамаз туралы не білесіз? Күмәнді жайнамаздар
Құрамында спирті бар дәрі-дәрмек қолданудың діндегі үкімі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу