Құран адамды бақытты етеді

Oinet.kz 13-10-2019 1717

құран-оқу.jpg

Бақыт дегеніміз – жүрегің мен көңіліңнің тыныштыққа бөленуі. Жүрек түзелсе, өмір түзеледі. Ал Пайғамбарымыз ﷺ: «Расында, денеде бір кесек ет бар, ол түзу болса, қалған дене бүтіндей түзеледі, ол бұзылса қалған дүние түгелімен бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек», - деген. (Муслим)

Ал жүрек қашан тыныштық табады?

Бұл сұрақтың жауабы да айқын:

«Солар – иманға келгендер және Алланың еске салуымен (Құранмен) жүректері тыныштық тауып, орныққандар. Біліңдер! Жүректер Алланың Еске салуымен (Құранмен) тыныштық тауып, орнығады» («Раъд» сүресі, 28-аят)

Тәпсір саласының бірқатар ғалымдары аяттағы «Еске алуды» Құран деп түсіндіреді. Құран аяттары және ондағы хикметті өсиеттермен танысқан жүрек онымен тыным тауып, орнығады. Өйткені, ол аяттар бұлжымас ақиқатты, көз жеткізер айғақ, дәлелдермен куәландырады. Мұның бәрі адам жүрегіне тыныштық әрі айқын сенімділік сыйлайды. Бұл ілімді кемшілігі болмаған әрі кемел сипаттарға ие Құраннан ғана табуға болады.

ҚҰРАН ОҚУШЫ ЖАНЫ МЕН ТӘНІНЕ ШИПА ТАБАДЫ!

Алла Тағала күллі адамзатты: «Әй, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат, жүректеріңдегі дерттеріңе дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау ретінде Құран келді» («Юнус» сүресі, 57-аят), «Біз Құраннан имандылар үшін шипа және мейірім түсіреміз» («Исра» сүресі, 82-аят) деп сүйіншілейді. Жүрек Құранмен тазарады, тыныштық табады, көркем мінез-құлыққа бастайды. Кейбір адамдар тәкәппарлық, қызғаныш, күншілдік, қанағатсыздық, құмарлық, екіжүзділік, күйзеліс секілді жүрек ауруларына шалдығып, емделу шараларын қарастырып, психологтардың есігін қағып жатады. Асылында, мұндай науқастың дәрігерлері – Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен ізгі ғалымдардың жолын ұстанушылар екенін ұмытпайық. Алланың сөзі Құран – дәрі-дәрмек секілді. Дәріні уақытынан кешіктірмеу әрі дәрігерлер бұйырғандай етіп қабылдаудан дертіңізден оп-оңай айығасыз.

ҚҰРАН АДАМДАРДЫҢ ЖАҚСЫСЫН АНЫҚТАЙДЫ!

Әрбір адам «жақсы» деген мәртебеге ие болғысы келеді және «жақсылармен» жолдас, сұхбаттас, пікірлес болуды қалайды. Ендеше, «Ең жақсы адам деген кім?» деген сауалыңызға жауап табылды. Алла Елшісі ﷺ: «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны үйреткендерің», - деген. (Бұхари)

Ал енді осы адамдардың жақсылары хош иісті лимонға теңелген екен. Пайғамбарымыз ﷺ: «Құран оқушы мүмін тамаша иісті және дәмді, тәтті лимон секілді, ал Құран оқымайтын мүмін иісі жоқ, бірақ дәмді құрма секілді. Құран оқитын екіжүзді хош иісті, бірақ дәмі ащы райхан секілді, ал Құран оқымайтын екіжүзді иісі де жоқ, дәмі де ащы өсімдіктің бір түрі секілді», - деген. (Бұхари, Муслим)

ҚҰРАН САУАПҚА КЕНЕЛТЕДІ!

Құран оқушы сый-сауапсыз да қалмайды екен. «Құраннан бір әріп оқыған адамға бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылықтың сауабы он еселенеді. Мен «Әлиф, ләм, мим» бір әріп деп айтпаймын. Әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп» делінген хадисте (Тирмизи). Сондай-ақ, Құранды қиналып үйренуші де көл-көсір сауаптың астында қалмақ. «Кімде-кім Құранды оңай үйренген болса, мәртебелі оқушы (қари) атанады, ал қиындықпен мүдіріп оқыған болса, екі есе сауапқа ие болады» (Муслим). Ғалымдар осы хадистегі «қиындықпен» деген сөз араб тілінде сөйлемейтін барлық халыққа қатысты деген екен!

Бақытты ететін бес сөз
Қорқыныш пен пәлекеттен қорғану дұғалары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу