Әйгілі картиналардың құпиялары

Oinet.kz 16-04-2019 4155

                     

               Сурет өнері--өнер атаулының ішіндегі ең ғажайыбы мен қиыны. Себебі қылқалам мен бояудан бейне жасау, тұтас өмірді бейнелей білу құдірет  емей немене?! Әдетте суретшілер өз туындысында белгілі бір ойды жеткізуге,  сол арқылы өзінің көзқарасын білдіруге тырысады, кейде оны астарлап жеткізіп, жасырады. Көпшілігіміз қабырғада ілініп тұрған картинаға бір қарағанда  жәй ғана қызылды-жасылмен боялған дүниені көруіміз мүмкін. Ал кейбір шимай-шатпақ картиналардың астарына үңілмек түгілі кескінін  түсініп болмайсың. 

            «Пентименто» деген сөзді естуіңіз бар ма? Оған күмәнім бар, себебі ол қылқалам шеберлеріне ғана ұғыныңқы термин. «Өкіну» деген мағынаны білдіретін терминді суретшілер жиі қолданады. Яғни, сурет салу барысында қате кеткен немесе өзгертікісі келген тұстарын екінші бояумен жасыру. Зерттеушілер әлемді мойындатқан ұлы суретшілердің  туындыларының  дәл осы тұстарына қатты мән беретін көрінеді. Картинаны рентген аппаратын түсіргенде  мұндай «жамаулар» бірден көзге ұрынып, бейненің алғашқы нұсқасын да аңғаруға болады екен. Бұл әдіс бүгінде әлемге танылған, құндылығы жоғары бағаланған картиналардың біразының бет пердесін ашып берді. 

Screenshot_23.jpg

               Біздің күнімізге дейін бірнеше картинасы ғана сақталып қалған Нидерландының атақты суретшісі Хендрик ван Антониссенаның «Жағадағы көрініс» картинасы осы пентиментоның нағыз үлгісі болып табылады. Теңіз жағасында теңізге қарап, улап-шулап тұрған адамдар бейнеленген картинаны музейден көрген біреу «неге адамдар тыныш жатқан теңізге қарап, таңқалысып, улап-шулап жүр?» деген сұраққа бас қатырады. Кейіннен ғалымдар зерттей келе картинадан жағаға шығып қалған алып киттің өлі денесінің сұлап жатқанын анықтаған.  Автор жансыз китті неге жасырғанын қайдам, бірақ өліп жатқан алып балықтың суретін үйінің қабырғасына кімнің  іліп қойғысы келсін? 

Screenshot_24.jpg

             Суретші атаулының ішіндегі ең «қымбаты», сурет десе есімі бірінші тілге оралатын Пабло Пикассоның  өмір сүрген кезеңі дүрбелеңге толы заман болды. Ол түрлі-түсті бояу арқылы өмірдің сұр бейнелерін аша білген тұлға. Сондай туындыларының бірі «Герника» картинасында ол неміс фашизмінің  Испанияның кішкентай ғана Герника қаласын жермен жексен еткен көрінісін суреттеді. Бірде жаудың офицері Писакконың үйін тінтіп жүріп, стол үстінде тұрған әлгі суретті көргенде «Мынаны сіз жасадыңыз ба?» деп сұрағанда ол «Жоқ, мұны сендер жасадыңдар» деп батыл жауап берген екен.  Өз заманының батыл суретшісі Пикассо да «жасырып» қалудың шебері болған. 

Screenshot_20.jpg

Оның «Қарт гитарашы» картинасы алғашында мүлдем басқа тақырыпқа арналған  екен. Қолына гитарасын алып, төмен қарап тартып отырған ер кісінің артынан  бала ұстап отырған ауылдағы  әйел бейнесін байқауға болады. Мұның сырын оның өмірін зерттеушілер 92 жасында мультимиллионер атанып өмірден өткен  Пикассоның да бір кездері  «қара күндері» болғанын жасырмайды. Тіршілік тауқыметінен ол жаңа полотноны сатып алуға ақшасы болмағандықтан қолданылған полотноның үстінен жаңа туындысын сала берген.

 Screenshot_25.jpg

        Жан-Огюсть Доминиктің әйгілі «Жак-Марк де Монбретон де Норвеннің портреті» туындысында алғашқы кезде артқы планда Напалеонның ұлының бюсті болған екен. Римнің полиция басшысының портреті салынған сурет Напалеон Рим қаласын жаулап алған жылы салынған. Кейіннен атынан ат үркетін Напалеон жеңіліс тапқан соң Доминик бюсттің қажеті жоқ деп шешіп, оны бояумен жасырып тастаған. 

Screenshot_19.jpg

               Ал француздық Жан-Франсуа Милле өз еңбегінде жас баланың мүрдесін неге жасырып қалғанын ешкім білмейді. 1859 жылы салынған «Періште» картинасын көргенде жұрттың бірден «мұнда періште жоқ қой» дейтіні сөзсіз. Расында да суретте тек екі шаруаның егін басында картоп салынған себетке қарап тұрғанынан  басқа көзге түсерлік бейне жоқ. Ерлі-зайыптылар күн батар тұста кешкілік  дұғаның басталғанын білдіретін шіркеуден шыққан қоңыраудың үніне құлақ түріп тұрғаны байқалады. (Мұндай дұға католик дінінде күніне үш рет оқылады). Себет картопқа толы болса да неге ер мен әйелдің жүздері мұң мен шерге толып тұрғанын түсіну қиын. Шындығында себеттің орнында алғашқыда жас сәбидің мүрдесі болған екен. Автор «Періште» деп өмірдің қызығын көріп үлгермеген осы сәбиді меңзеп тұрса керек. Бұл суретті Миллеге американдық суретші  Томас Эпплтон салуды тапсырған екен. Бірақ Эпплтон белгісіз себептермен картинаны сатып алудан бас тартқан. «Періште» он жылдай уақыт қолдан қолға өтіп, соңында көрмеге қойылады. Сурет қарапайымдылығымен көрген жұртшылықты бірден баурап алып, әр француздың үйінде картинаның көшірмесі ілініп тұрды. 1889 жылы картинаны бәссаудаға тігіп, нәтижесінде Американың сауда агенттігі консорциумы 580 000 франкке сатып алады. Кейіннен 1909 жылы Милленің жұмысы атақты Лувр мұражайына қойылған. 

Screenshot_21.jpg

            Реализм жанрын қалыптастырған атақты суретші Густав Курбе туралы  замандасы Рихар-да  Мутер былай дейді: «Оны барлығы талантты бола тұра қарапайым адамдар секілді жүріп-тұрғаны үшін, бәріміз секілді сөйлескені,  тамақтанғаны үшін жек көрді» деген екен. Замандастарының тақиясына тар келген   Курбенің  «Қалыңдықтың дайындығы» картинасының  тағдыры жоғарыда аталған «Періштенің» тағдырына ұқсас.  Ауылдық отбасының өмірін бейнелейтін картина 1800-ші жылдары салынған, алайда аяқталмаған. 1929 жылы музейге қойылған сурет ғалымдардың бірден қызығушылығын тудырып, сол кезден бастап зерттей бастады. Мұражайдан орын алған суретті халық Курбенің Франциядағы ауыл өмірін бейнелеген тағы бір картинасы ретінде қабыл алды. Себебі ол бұған дейін осы тақырыпқа бірнеше туындысын арнаған болатын. Бірақ рентген аппараты ашып берген ақиқат зерттеушілерді біраз есеңгіретіп тастады. Себебі бірнеше әйел қалыңдықты ұзату тойына емес, жерлеуге дайындап жатқан екен. Суретте жүзі анық байқалмаған қалыңдықты рентген өлі етіп шығарды. Көңілді атмосфераны елестетін картинаны сол кезге дейін ешкім қаралы жиын екенін сезген жоқ.    

  Screenshot_26.jpg

             Әр суретшінің   туындысы өз болмысынан, мінезінен хабар беріп тұрады екен. Мысалы қылқалам шебері Эдвард Мунк жүйке жүйесі ауруынан, депрессиядан зардан шеккен екен. Мұны оның «Айғай» картинасынан анық байқауға болады.  Күйзелістен жанынан дауа іздеген ол қолына қағаз бен бояу алып іштегі алай-дүлейді суретке түсіреді. Бүгінде оның «Айғай» картинасы әлемдегі ең танымал, талқыға көп түскен туындылардың  бірі болып саналады.    

Screenshot_22.jpg

            Жұпыны ғұмыр кешкен, қоғам оны «жынды» деп мұқатқан  Тивадар Костка Чонтвари 1902 жылы  «Қарт балықшы» картинасын салады. Бір қарағанда суретте бетін әжім басқан балықшыдан басқа айрықша ешкімде, ештеңе де жоқ. Алайда Тивадор пентиментоны қолданбаса да, картинаға балықшыдан басқа өзге де дүниелерді сыйдыра білген екен. Егер суреттің дәл ортасына айнаны тігінен қойсаңыз ойыңызға келмейтін бейнелерді көруге болады. Яғни айнаның сиқыры арқылы суретші картинаның оң жағында тыныш мұхитта кетіп бара жатқан қайықты көруге болады. Қайықтың ішінде Құдай отыр. Ал картинаның сол жағынан бұлқынып, төбесін қара бұлт жапқан ашулы мұхитты байқайсыз. Ондағы қайықта сайтан отыр. Мұны жақында Печа қаласындағы мұражайдың бір қызметкері анықтапты. Бұл арқылы суретші әр адамның екі иығында періште мен сайтанның отыратынын айтып, бірі адамды жақсылыққа итермелесе, екіншісі жамандыққа азғыратынын айтқысы келген. 

Screenshot_27.jpg

          Рембрандтың әйгілі «Атқыштар ротасының капитаны Франса Баннинга Кока мен лейтенант Виллем ван Рёйтенбюргтің өнері» картинасының құпиясын да халық бертін келе аша білді. Суретте жиналған қауым кешкі уақытта көңіл көтеріп, билеп, мәре-сәре болып жүреді. Оқиға түнгі мезгілде болғандықтан ел оған «Түнгі думан» деген жанама ат қойған. Оның бұл туындысы өз заманында-ақ жоғары бағаланған. 1947 жылы картинаға реставрация жасалғаннан кейін оның нағыз бейнесі ашылды. Сөйтсе сурет ұзақ жылдар көрмеде тұрғандықтан күйе, ыс бояудың колоритін бұзып жіберген екен. Шындығында  думан түнгі уақытта емес, түскі мезгілде болған екен. Картинаны «тазалап» қалыпқа келтіргеннен кейін капитан Коканың сол қолындағы сағаты түскі 2-ні көрсетіп тұрған екен. 

      

 

 

 





Біз қалай күлеміз?
Солақайлық кемістік пе, басқа қонған бақ па?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу