Өлмейтін тылсым құбылыс

Oinet.kz 03-01-2020 29691

«Маңдайға жазылған тағдырмен өмір сүрмесеңіз, жай ғана тіршілік етудің қажеті шамалы»

Альбер Камю

Өз заманы Шопенді музыкалық данышпан деп бағалады. Бүгінгі күнге оның мәңгілік өшпейтін музыкалық ноталары қалды. Ол жүрегінің нәзіктігін күллі әлемге жеткізген талант иесі. Жаратылысы ерекше, өз жолы бар адамның тағдыры да өзгелерден тым бөлек. Фредерик бүкіл әлемге бақыт сыйлады. Алайда, өзі де сол бақыттың дәмін татқысы келді. Бірақ, мүмкін емес. Оның сезімтал жүрегімен шығарған туындылары өзгелердің 62 тамырын жібіткенімен өз жанын жібіте алмады. Оның тұла бойы дертке толы болды. Ол дерт туған жерге сағыныштан, сәтсіз махаббаттан және жүректегі қайғы қасіреттен туындаған ауыр дерт. Ондағы мұң мелодия арқылы шығады. Әуенді ол жанымен, өз тағдырымен сабақтастырды.

Фредерик.jpg

Шопен Фредерик – ерекше талант иесі

Фредерик Францишек Шопен 1810 жылы Варшава маңында Франциядан келген эмигрант Николай Шопен мен поляк қызы Юстина Кжижовскийдің отбасында дүниеге келген. Оның музыка әлеміне енуіне анасы Юстина себепкер болды. Шопеннің ерекше талантын таныған жақындары «кішкентай ғажайып» деп атап, оны Моцартқа теңеген. Оның эмоциональдылығы және музыканы жүрегімен, жан дүниесімен сезіне білуі талай сонаталардың дүниеге келуіне себепкер болды. Кішкентай композитор жеті жасында өзінің ең алғашқы туындысы «соль минор полонезін» шығарды. Бұл жаңалық күллі Варшава жұрты үшін таңсық болды. Фредерикке үлкен таңданыспен қарағандар «кәсіби талант иесі» деп бағалады. Осы оқиғадан кейін 7 жасар Фредерихті ата анасы көрнекті чех пионисті Войцех Живнойдан сабақ алуға жібереді. Бес жылдан кейін Фредерик техникалық және музыкалық шеберлігі жағынан ересектерден кем түспейтін нағыз пианист-виртуозына айналды. Оның танымалдылығы артып, жетістіктері молая түсті.

Фредерик Шопен фортепиано сабақтарымен қатар Варшавадағы атақты музыкант Джозеф Эльснерден композициялық сабақ ала бастады. Сол сәттен бастап оған Еуропаның есігі ашылды. Прага, Дрезден және Берлин қалаларындағы опералық театрларға барды. Шетелдегі әйгілі музыканттардың концерттеріне қатысып жүріп, өзінің жекелеген музыкалық стилін қалыптастырды. Он үш жасында Варшава лицейінің білім алушысы және он алты жасында Жоғары музыка мектебінің студенті атанды. Өзі білім алған ордадағы ұстазы Эльснердің тарапынан оның дипломына мынадай сипаттама жазылды:

«Шопен Фредерик – ерекше талант иесі және музыкалық данышпан»

Қош бол, Отан...

Шопеннің балалық және жастық шағы өміріндегі ең қуанышты және қамсыз кезеңі болды. Алайда, оның оқу бітірісімен үлкен саяхаттарға шығуы  Польшадан біржола кетуіне себепкер болды. Ол сол кеткеннен Отанына мүлде  оралмады. Фредерик Автрияда жеке шығармашылығымен айналысып жүрген тұста Варшавада болған көтерілістен хабардар болып, еліне қайтуға бел байлады. Алайда, әкесі оның елге оралмай, Австрияны мәңгілік тұрағы етуін қалады. Польша астанасының құлағаны туралы хабар ол үшін үлкен соққы болды. Өміріне жара салған осы бір сәтті әуенмен жеткізуді жөн деп тапты. Осы тұста оның пианинодағы ақ және қара батырмалардан туған жерге деген сағыныштан әуендер шыға бастады. «Революциялық Этюд», д-молл пьесасы және 28-ші қорытынды прелюдиялары дәп сол туған жеріне арналды. Осы оқиғадан кейін Шопен Парижге келіп тұрақтанады. Алғашқы фортепиано концертін беріп, көпшіліктің сүйіктісіне айналады. Әйгілі композиторлармен таныс болып, өз жанкүйерлерін жинай бастады. Оның өз заманының құбылысы екендігін замандас композиторлар дамойындады.

Ұлы және қайғылы махаббат тарихы

любовь.jpg

Фредерик Шопеннің жеке өмірі өте қайғылы болды. Жаратылысы сезімталдық пен нәзіктікке көмкерілгенімен отбасылық өмірден бақыт сезіне алмады. Мәриәм есімді аруға ес-түссіз ғашық болып, оны шығармашылық шабытына айналдырғанымен, екеуінің жолдары тоғыспады. Музыкантқа сүйіктісімен қоштасу оңайға соқпады. Сәтсіз махаббаты оның творчествосына әсер етіп, «Аза тұту маршы» әуені пайда болады.

Махаббаттың машақатынан енді ғана айыққан Шопенге Жорж Санд есімді бикеш жолығады. 27 жастағы Фредерик пен 33 жастағы Аврора ханым екеуінің арасындағы махаббат хикаясы тым ерекше еді. Бұрын тұрмыста болған ханым үшін олардың қарым-қатынастары құпия сақталды. Олар ғашықтық ғұмырларының көп бөлігін Майоркадағы Аврора Дюдеванның жекежайында өткерді. Аралдағы нашар климат, жақын адамымен шиеленіске толы қарым-қатынас, ұрыс-жанжал жас музыкантты өкпе ауруына шалдықтырады. Жабысқан дерт 1849 жылы Фредерик Шопеннің өмірін мәңгілікке қиып кетті.

Атақты композитор өлерінің алдында айтқан өтініші бойынша: жүрегі кеудесінен шығарылып, туған жеріне жеткізілген. Ал, оның денесі Францияның Пере Лачаиз зиратына қойылған. Композитордың жүрегі бар шыны, Польша астанасындағы католик шіркеулерінің бірінде әлі күнге дейін сақталған.

Поляк халқы Фредерик Шопенді ерекше жақсы көріп, құрметтейді. Сондықтан да оның шығармашылығын ұлттық қазына деп санайды. Композитордың құрметіне көптеген мұражайлар ашылды, әр қалада ұлы музыканттың ескерткіштері бар. Фредериктің өлімге арналған маскасы мен оның қолынан құйылған шөпті Желязовой томындағы Шопен мұражайында көруге болады. Шопеннің өмірі мен шығармашылығы көптеген зерттеулерден өткенімен әлі де ашылмаған сыр сандық сыңайлы. Оның «Жаңбыр вальсі», «Құпия орманы», «Жүрек жылайды» сынды мелодиялары әлі күнге дейін өз тыңдармандарын ерекше тебіреніске бөлеп келеді. Әр тыңдағанда әртүрлі әсерге бөлейді. Фредерик Шопен - күллі заманның өлмейтін тылсым құбылысы!..

Қай ағашты таңдайсыз? (психологиялық тест)
Балықшылар салған «Тау стадионы»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу