«Қыздың жасы – он сегіз»
Бүгінгі сөз қолданыстарымызға қарап отырсақ, осы мәтелдің мағынасын тым майыстырып жіберген секілдіміз. Алдымен мәтелдің әуелгі мағынасына келсек, «Қыздың жасы – он сегіз» мәтелінің анықтамасы мынадай болады: қазақта он сегіз жасқа толмаған, тұрмысқа шықпаған әйел заты «қыз» деп аталады. Ал, тұрмысқа шықпаған күйінде жасы он сегізден асып кетсе, оны «отырған қыз» дейді. Он сегізден бұрын тұрмысқа шығып кетсе, оны «жас келіншек»/«жас келін» деп атайды. Отырған қыз күйінде, яғни, он сегізден кейін тұрмысқа шықса оны (жай) «келіншек»/«келін» дейді. Яғни, тайдан кейін құнан/байтал деген секілді, атауы өзгеріп, басқаша аталып отырады. Аталар танымы осылай.
Ал, бізде қырықты қырқай шалған, елуді еңсерген саркідір әйелдер «қыздың жасын сұрамайды, қыздың жасы, қашанда, он сегіз» деп қарқ-қарқ күледі. Өзінше сөздің мәнін «түсіне қойған» азамат сөзден ұсталып жеңіле қалғансып, бастарын шұлғып ыржың-ыржың етеді… Иә, қыздың жасы, қашанда, он сегіз. Ол өзгермейді. Аталар ұғымы бойынша әйел заты он сегізге дейін тұрмысқа шығуы тиіс. Әйтпесе, «отырған қыз» деген жаман атқа қалады. Жаман ат дейтініміз отбасында «отырған қызы» бар үйді ағынды судың, бұлақтың басына қондырмайтын дала заңы болған екен. Яғни, ол отбасындағы адамдар отырған қызы орын тапқанша сайдың тағанында отырып, ағынды судың аяғынан ішеді. Бұл осы шаңыраққа оңай жаза емес. Ол енді басқа әңгіме…
Айтпақшы, әйел затының қырық, елу жасқа келгеніне, тіпті кемпір болғанына да қарамай «қыз» аталатын бір жағдайы бар. Оны да ескере кетелік. Басында «қыз» атауы бар күнінде (он тоғыз жастан бұрын) тұрмысқа шығып кеткен әйелді төркіні өмір бойы «қыз» деп атайды екен. Өйткені, ол осы әулеттен «қыз» қалпында ұзатылды. Осы әулетте жүргенде оған басқаша ат таңылған жоқ. Енді, төркіні оған деген құрметі ретінде оны өмірбақи «қыз» деп өтпек! Не деген құрмет бұл! Мұндай құрметке ие болу қандай бақыт деңіз!
Мінеки, осындай ұлы ұғымдар «өлгеннен» кейін, сол ұғымдарды ұстап тұрған қаңқалар/мақал-мәтелдер басқа мән алды. Өйткені, ұлт өзгерді, ұғым өзгерді. Енді бұл мақалдарға сол өзгерген ұғымға қаңқа болып өмір сүруден өзге жол жоқ. Олай болмаған жағдайда мүлде айтылмай, құрып жоғалу керек.
Қазіргі қазақ арасында «қыздың жолы – жіңішке» деген тағы бір мақал іші мен сырты екі бөлек қалтылдап өмір сүріп келе жатыр. Бұл өзі ашық сөз ғой. «Жолың жіңішке (тар), тайып кетесің, тайраңдамай жүр» деген ескертпе емес пе?! Кәдімгі тар, жіңішке жолдағы көлікті, жаяу жүргіншіні елестетіп көріңізші, қалай жүру керек ол? Тура сол секілді абайлап жүруді айтқан ғой. Беймезгіл далада жүргенін көріп қалған біреу өсекке іліп, елге жаман аты шығып кетсе не болмақ? Өйткені, «Қыз он беске келгенде, шашынан көп жаласы». Сондықтан, оған жолының жіңішке екенін ескертіп отыру міндет болған. Осындай ұлы міндетті бір-ақ ауыз сөзбен атқарып тұрған ұлы ұғым қазір қандай күйде?
Тойда тілек айтуға бес еркек бір әйел ортаға шықса, бесеуі бір-біріне қарап, ақыры «жөн білетін» біреуі «қыздың жолы жіңішке деген…» деп өзінше бір «көшелілік» танытады-ау! Анау шығады суырылып, қыз ба, отырған ба, басқа ма… оны тектейін деп жатқан тірі қазақ жоқ екенін тірі қазақтың бәрі біледі, оны қойшы, анау «көшелі кісі» философия ғылымдарының докторы, бірдеңе бірдеңенің профессоры дегендей тойдың жарты уақытын атағын айтқызумен алып тұрған галстукті айтсайшы! «Қыздың жолы жіңішке деген…» деп микрофонды ұсынады-ау!.. Осындай іс анау заманғы аталарымыздың алдында болған болса, «саудың сөзін сөйлеп, жындының әрекетін істеп тұрғаны несі» - деп таңырқар еді. Өйткені, «Қыздың жолы жіңішке деген…» -деп алып, микрофонды әйелге беріп жатыр…
«Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады» -дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы(біз ғалымның осы сөзін «мемлекеттік тіл» төңірегінде ғана қолданып жүрміз, негізі олай емес). Сөз – ұғым, ұғым – таным. Танымның адам болмысына тікелей әсер етуші фактор екенін алға тартсақ, бір ұлттың болмысын оның сөзі арқылы тануға болатынын аңғарамыз. Енді, қарай беріңіз арғы қазақ пен бергі қазаққа. Қыз жайында айтылған екі-ақ мақалға байланысты түсінік алшақтығы адам таңқаларлықтай. Ал, данагөй бабаларымыздан қалған тағы да қаншама мақал-мәтелдің ішін (мәнін, мағынасын, жүрегін) алып тастап, қаңқасына өзіміздің қойыртпақ түсінігімізді салып алып шауып жүргенімізді бір Құдай біледі. Оны көзі қарақты оқырман, Сіздер де анықтап, талдап-талқылап ортаға саларсыздар.
Ұларбек Нұрғалымұлы