Кентауда алғаш рет бариатриялық ота жасалды

Oinet.kz 19-05-2026

кенб.jpg

Кентау қалалық ауруханасының базасында республикалық деңгейде хирургиялық шеберлік сабағы аясында  алғаш рет бариатриялық ота сәтті жүзеге асырылды. Бұл Кенді шаһардың медицина саласы үшін маңызды әрі тарихи қадам болып табылады. Аталған шеберлік сабағына әр өңірдің білікті хирург-дәрігерлері қатысып, көпшілікті толғандырған дерттің бірі семіздікті хирургиялық жолмен емдеудің заманауи тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетті.

– Бұл іс-шара – тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар өңірлік медицинаны дамытуға бағытталған маңызды кәсіби кездесу. Кентау қаласында лапароскопиялық хирургияның негізі 2000 жылы қаланды. Алғашқы лапароскопиялық операция «Olympus» фирмасының жабдығымен жасалған лапароскопиялық холецистэктомия болды. Қазіргі таңда лапароскопиялық технологиялар абдоминальді хирургияда, гинекологияда, урологияда кеңінен қолданылып, операциялардың басым бөлігі осы әдіспен орындалады. Дәрігерлеріміз Қазақстанмен қатар Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосибирск және Түркияда білімдерін жетілдіріп, халықаралық тәжірибе жинақтады. 2013 жылы лапароскопиялық аппендэктомия кезінде «appendix» тұқылын байлау әдісі енгізіліп, авторлық куәлік алынды. Бүгінде Кентау қалалық орталық ауруханасы лапароскопиялық хирургияны тұрақты дамытып отырған аймақтық орталықтардың біріне айналды. Мастер-класстың негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу, жаңа технологияларды енгізу және жас мамандарды оқыту. Алдағы уақытта лапароскопиялық қызметті одан әрі дамыту, күрделі операцияларды енгізу және тұрақты оқыту алаңын қалыптастыру жоспарланып отыр. Бірлескен жұмыс арқылы біз өңіріміздегі медициналық көмекті жаңа деңгейге көтере аламыз. Кентау – тәжірибе жинайтын ғана емес, тәжірибе үйрететін орталыққа айналуы тиіс, – деді Кентау қалалық ауруханасының Асылбек Утебаев.

кентр.jpg

Сондай-ақ, мастер-класс шеңберінде «Live Surgery» форматын пайдалана отырып, демонстрациялық лапароскопиялық операциялар жүргізілді. Іс-шараға қатысушылар операциялардың барысын бақылап, хирургиялық емдеу тактикасын және лапароскопиялық араласуларды орындаудың техникалық ерекшеліктері жайында пікір алмасты.

Мастер-класстың негізгі мақсаты – өңір хирург-дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, заманауи лапароскопиялық операцияларды орындаудың практикалық дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ медициналық ұйымдардың практикасына озық хирургиялық технологияларды енгізу және халыққа көрсетілетін хирургиялық көмектің сапасын жақсарту болып табылады.

Семинарға қатысушы хирург-дәрігерлердің сөзіне қарағанда бариатриялық ота - артық салмақпен және семіздіктің ауыр түрлерімен күресуге арналған хирургиялық әдіс. Ол асқазан көлемін кішірейту немесе қоректің сіңуін азайту арқылы салмақты тұрақты төмендетеді, тәбетті гормоналды деңгейде басады. Бұл оталар жүрек, қант диабеті және буын ауруларының алдын алуға көмектеседі.

Бариатрия – бұл семіздік пен оның салдарын зерттейтін және емдейтін медицина саласы болып келеді. Оған консервативті тәсілдер диета және физикалық белсенділік, сол секілді хирургиялық тұрғыдан араласу да кіреді. Бүгінде дәл осы әдіс кеңінен таралып отыр.

Метаталданымның мәліметтері бойынша емделушілер хирургиялық отадан кейінгі бір жылдың ішінде орта есеппен алғанда өзінің бастапқы салмағынан 20% бастап 30% дейін жоғалтқан. Әдетте адамның дене массасының индексі (ДМИ) 40 және одан жоғары болғанда, не болмаса ДМИ 35-тен жоғары, сондай-ақ ілеспелі дерттер қатар жүретін жағдайда бариатрияны жасату бойынша кеңес беріледі. Оны тағайындаудың алдында дәрігер семіздікті емдетудің басқа хирургиялық емес тәсілдердің ұзақ уақыт бойы көмектеспегендігіне әбден көз жеткізуі тиіс.

Сонымен қатар, іс-шара барыснда хирург-дәрігерлер өзара тәжірибе алмасып, күрделі отталарды жасаудың озық әдісін талқылады. Жас мамандар мен резиденттер үшін тәжірибелік тұрғыда үлкен мүмкіндік туып, олар білікті хирург-дәрігерлердің жұмысын тікелей бақылап, кәсіби дағыдыларын жетілдірді. Мұндай шеберлік сабақтарының өткізілуі қаламыздың медециналық қызметінің сапасын арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және жергілікті дәрігерлердің кәсіби деңгейін арттыруға үлкен мүмкіндік береді.

Бариатрия семіздікке қарсы күресте тиімді құралға айналуы бек мүмкін, алайда оның да тәуекелдері мен кемшіліктері бар екенін ұмытпаған абзал. Әрбір жағдайды жеке қарастыру керек, сондай-ақ отаны жасату туралы шешім қабылдамас бұрын барлық оң және теріс жақтары таразыға тең тартылып, бағамдалуы тиіс. Ғылыми зерттеулер бариатриялық оталарға байланысты сәтті жағдайларды да, сонымен бірге күрделі тұстарды да растап отыр, бұл жерде ағзаңызға қатысты жайттарды дәрігеріңізбен бірге жеке анықтап алғаныңыз өте маңызды.

 

Раушан НАРБЕК

 

 

 






«Бір күндік клиника»
Дәрігерге сенбеген пациентке ем қонбайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу