Түркістан дәрігерлері өздері бауыр ауыстырды

Oinet.kz 18-08-2026

окбтранслантация18.08.jpg

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының дәрігерлері алғаш рет өз күштерімен тірі туыстық донордан бауыр трансплантациясын сәтті орындады. Бұл аталған емдеу мекемесіндегі бауыр трансплантациясы бойынша жасалған алтыншы операция!

Бұған дейінгі бес бауыр академик, профессор Б.Баймахановтың жетекшілігімен ауыстырылған. Алтыншы трансплантация аурухана үшін жаңа маңызды кезең болды. Операцияға басқа өңірлердің мамандары тартылмай, алғаш рет облыстық клиникалық ауруханасының трансплантологиялық командасы өздері орындады. Күрделі жоғары технологиялық операция аурухана мамандарының кәсіби дайындығының жоғары деңгейін, командалық жұмыстың үйлесімділігін және жинақталған тәжірибесін көрсетті.

59 жастағы науқастың доноры оның 22 жастағы қызы Рахимова Нурай болды. Қызы анасына донор болу туралы ерікті түрде шешім қабылдап, барлық қажетті медициналық тексерулерден өтіп, өмірін жалғастыруға мүмкіндік сыйлады. Қазіргі таңда анасы мен қызы дәрігерлердің бақылауында.

Операцияға хирург-трансплантологтар – аурухана басшысы Н.Мауленов, басшының хирургиялық ісі жөніндегі орынбасары М.Досханов, Е.Тауасаров, Н.Садуакас, Н.Жұмабек, А.Алипбек, анестезиологтар – А.Мамиров, Е.Муталиев, А.Пралиев қатысты.

Түркістан облысының трансплантология саласының дамуындағы жаңа белес – өңірлік медицина үшін маңызды жетістік әрі үлкен командалық еңбектің нәтижесі. Осылайша Түркістан дәрігерлері күрделі жоғары технологиялық операцияларды өз күшімен орындауға дайын екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.

 


Үндістан мен Түркістан тәжірибе алмасты
Түркістан дәрігерлері нәрестенің өмірін үшін 77 күн күресті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу