Ғасырмен құрдас дипансер сапалы медицина орталығы

Oinet.kz 27-08-2026

Мерейлі 100 жылдығын қарсы алған Түркістан облыстық тері-венерологиялық аурулары диспансері – Оңтүстік өңірі ғана емес, бүкіл республика деңгейіндегі мақтаулы медициналық ұйымдардың бірі. Жыныс жолы арқылы жұғатын және жұқпалы тері ауруларын емдейтін, емдеп қана қоймай, оны түбегейлі зерттеп, зерделейтін диспансер біліктілік пен білімнің, мол тәжірибенің жарқын үлгісіне айналды.

787974175_1395629122755985_3838918796553255949_n-1536x1025.jpg

Түркістан қаласында Түркістан облысының дерматовенерологиялық қызметінің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен, сонымен қатар Өзбекстан, Ресей, Латвия елдерінен мәртебелі қонақтар қатысты. Іс-шараның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев мекеме ұжымын мерейтоймен құттықтап, осы салаға еңбегі сіңген бірқатар дәрігерлер мен осы саланың ардагерлеріне марапаттар тапсырды.

«Оңтүстік Қазақстанның дерматовенерологиялық қызметінің ғасырлық жолы: инновациялар, сабақтастық және эндемиялық аурулардың мәселелері» тақырыбындағы басқосуға еліміздің барлық өңірлерінен және Ресей, Өзбекстан, Латвия, Татарстан, Қарақалпақстаннан келген 200-ге жуық жетекші маман қатысты. Конференция барысында дерматовенерология саласындағы заманауи диагностика мен емдеу әдістері, ғылыми жетістіктер, жұқпалы және созылмалы тері ауруларының алдын алу мәселелері талқыланып, мамандар арасында тәжірибе алмасу жүргізілді.

786392818_1395629152755982_8676509460438106554_n-960x640.jpg

Халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы, облыстық тері-венерологиялық аурулары диспансері, Өзбекстанның республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталығы және оның Қарақалпақстан аумақтық филиалы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумдарға қол қойылды.

Конференция барысында еліміздегі дерматовенерологиялық қызметті өркендетуге аянбай атсалысқан мамандарға академик Мұқан Егізбаев атындағы «Денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосқаны үшін» медальдары тапсырылды. Айтулы медальмен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик, «Астана медицина университеті» КЕАҚ дерматовенерология және дерматокосметология кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Батпенова, Атырау облыстық тері-венерологиялық диспансерінің басшысы Мира Бердешева, Сайрам аудандық дерматовенерологиялық диспансерін басқарған Мұрат Қыстаубаев, Түлкібас аудандық дерматовенерологиялық диспансеріне көп жыл жетекшілік еткен Сматулла Сейдалиев, №13 Шымкент қалалық емханасына басшылық жасаған Алмаш Дерипсалдинова және Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айман Оспанова марапатталды.

785365097_1395629199422644_6828659506530615860_n-960x640.jpg

Сонымен қатар, академик М.Егізбаев атындағы сыйлыққа халықаралық деңгейде байқау жарияланған болатын. Оның жүлдегерлерін конференция барысында Мұқан Кеңесбекұлының шәкірті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, ел аузында алтын қолды хирург атанған Жанболат Ділдәбеков марапаттады. Медицина саласындағы ғылыми ізденіс пен жаңашыл әдістерді енгізуге ынталандыруға бағытталған байқауға Қазақстан, Өзбекстан мен Ресейден 20 өтінім келіп түсті. Әділқазылар алқасының ұйғарымымен жүлделі IІІ-орын Өзбекстанның дерматовенерология және косметология республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталығының клиникалық ординаторы Ботирбек Эрназаровқа, ІІ-орын Новосибирск ұлттық зерттеу мемлекеттік университетінің дәрігер-дерматологы Камилла Кретоваға бұйырса, жеңімпаз ретінде Түркістан облыстық тері-венерологиялық диспансерінің бөлім меңгерушісі Гүлнар Ташбаева танылды. Сондай-ақ, байқауда академик Мырзакерім Алшынбаев тағайындап жүрген дәстүрлі арнайы жүлдемен Татарстан республикалық тері-венерологиялық клиникалық диспансерінің дәрігері Мария Рябчикова марапатталды.

Айта кетсек, 1926 жылы негізі қаланған Түркістан облыстық тері-венерологиялық аурулары диспансерінде 300-ден астам маман еңбек етеді. Мекеме Түркістан облысы мен Шымкент қаласының 3,5 миллионға жуық тұрғынына медициналық қызмет көрсетеді. Былтыр диспансерде 155 мыңнан астам пациентке медициналық көмек көрсетілген.

789845439_2255637791944233_6088218776744856881_n.jpg

Бүгінде дерматовенерологиялық қызметтің алдында жаңа міндеттер мен мүмкіндіктер тұр. Жинақталған тәжірибе, ғылыми әлеует және ұжымның бірлігі халық денсаулығы жолындағы ең өршіл мақсаттарды табысты жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні күмән туғызбайды. Түркістан облыстық тері-венерологиялық аурулары диспансерінің басшысы Гүлмира Нұрмағамбетованың «Жүз жыл ішінде технологиялар мен емдеу тәсілдері өзгерді, алайда біздің мекеменің басты миссиясы өзгерген жоқ – адамдарға қызмет ету, олардың денсаулығын сақтауға көмектесу және ертеңгі күнге деген сенімін нығайту» деген сөздері осы сенімді қуаттап отыр.

Асыл ДОС


Леңгір дәрігерлері дәл диагнозбен емдеп сауықтырады
Диспетчерлер екі сәбиді құтқарды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу