Мектептерге дефибриллятор орнатылады: Денсаулық сақтау министрлігі тапсырма берді

Oinet.kz 27-01-2026 49

Қазақстанның барлық мектебіндегі медициналық пункттер жүрек кенеттен тоқтаған жағдайда шұғыл көмек көрсетуге арналған дефибриллятормен жабдықталады. Мұндай тапсырманы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүктеді, деп хабарлайды Оinet.kz ақпараттық порталы.

image.png

Сонымен қатар ведомство мектеп медицинасын жаңарту бағдарламасын іске қосып, білім беру ұйымдарында жаңа стоматологиялық кабинеттер ашуды жоспарлап отыр.

Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мектептегі медицина қызметкерлері тек жарақат кезінде ғана емес, өмірге қауіп төндіретін ауыр жағдайларда да жедел әрекет етуге дайын болуы тиіс екенін айтты.

«Осыған байланысты барлық мектеп медпункттерін дефибриллятормен қамтамасыз ету қажет. Бұл мақсатқа әкімдер тиісті қаржы қарастыруы тиіс. Сонымен қатар алдағы үш жылда мектептерде қосымша 862 стоматологиялық кабинет ашуды жоспарлап отырмыз», — деді министр.

Қазіргі таңда мектептегі медициналық пункттердің жабдықталу деңгейі 93 пайызға жеткен. Алайда бірқатар өңірлерде, атап айтқанда Астана қаласында, Шығыс Қазақстан облысында және Ұлытау өңірінде стоматологиялық кабинеттер ашу мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Мектеп медицинасын жаңарту аясында балаларға шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған заманауи жабдықтармен қамту да көзделген. Бұл шаралар оқушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Жапон ғалымдары Даун синдромын тудыратын артық хромосоманы алып тастады
Резонансты видеоға қатысты Нұрайдың ағасы мәлімдеме жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу