Шаш неге ағарады?
Әдетте бұл құбылыс тұқымуалайтын құбылыс. Сонымен қатар ол адамның нәсіліне де байланысты болады. Еуропоидтардың шаштары негроидтарға қарағанда жиірек ағарады, ал үндістердікі тек 70-75 жасқа келгенде ғана ағарады. Одан бөлек шаш ағаруының басқа да сыртқы факторлары бар.
Медиктер шаштың ерте ағаруын стресстен және нерв жүйесінің әлсіреуінен болады деп түсіндіреді. Оның бірден-бір себебі зат айналымның бұзылуынан, қалқанша безі қызметінің бұзылуынан және жыныс жүйесіндегі қандай да бір ақаулардан болуы мүмкін. Сонымен қатар оған экология, дұрыс тамақтанбау, темекі, алкоголь, есірткі сияқты зиянды қаттарды көп қолдану да кері әсерін тигізеді. Мұның бәрі тек шашты ағартып қана қоймай, бүкіл ағзаңызға зиянын тигізеді.
Шаш ағзаға тирозиннің, мыс және кальцийдің жетіспеуінен ағарады. Сондықтан шаш ағара бастаса, ағзаңызға көңіл бөліңіз.
Шаш түбінде меланин атты пигмент түзіліп отырады. Оның мөлшері азайған сайын шаш ағара түседі. Пигменттің азаюы шаштың түбінен басталады. Шаш пен терінің түсіне жауап беретін жасуша шашты қалыптастыратын жасушамен бірігіп, содан шаштың түсі пайда болады. Бұл жасушалар бағаналық жасушалар арқылы жаңарып отырады. Егер ағзада бағаналық жасуша мөлшері аз болса, жаңару процесі бұзылады да, шаш ағара түседі. Одан бөлек шаш жасушалары аздаған мөлшерде сутегі асқын тотығын бөледі. Адамның жасы ұлғайған сайын ол көп мөлшерде бөлінеді. Осылай шаш іштен түссізденіп, сұрлана бастайды да, соңында ақ шашқа айналады.
Сарапшылар шаш фолликуласының жасушасын зерттей отырып, мынаны анықтаған: сутегі асқын тотығының түзілуі оның суда немесе қышқылда ыдырауына ықпал ететін ферменттің мөлшерінің азаюынан болады. Әлемдік статистика бойынша 40 жастағы адамдардың 60%-нда меланиннің генетикалық жетіспеуі байқалады. 50 жаста бұл көрсеткіш 86%-ға дейін өседі. Шаштың ерте ағаруы ең алдымен қара шаштыларда, одан соң жирен және сары шаштыларда, соңғы болып ақ сары шаштыларда байқалады.