Қасқа татуаж жасаудың зияны бар ма?
Сұлулық – адам жанын марқайтатын, көзін қуантатын, тамсантып, тәнті ететін, таңырқататын, сүйсіндіретін көрініс. Алла тағала жаратқан жер бетіндегі барлық тіршілік иелерінің, солардың ішіндегі ең кереметі, қоғам мен табиғаттың ерекше перзенті – адам. Табиғаттың сұлулығына шексіз сүйсініп, содан ерекше ләззат аламыз. Ал адамның сыртқы сымбат сұлулығы кімге де болсын ұнайды, қызығамыз, кейде іштей қызғанамыз. Адамдардың мінезі сан түрлі болатындай сыртқы келбеті де алуан болады. Табиғи сұлулық қашанда жоғары бағаланған. Алайда қазір табиғилықты жасанды сұлулық алмастыруда. Бүгінде қиылған қас, найзадай кірпік пен шиедей ерінді «жасап» алуға болады. Соның ішінде қасқа татуаж жасау сәнге айналған. Әйгілі дизайнер Коко Шанель «Келбет көркі – қас» деген екен. Расында да адамның көзі ең бірінші қасқа түседі екен. Демек қасқа күтім жасау, қажет болса оны өзгерту, сәндеу заңдылық.
Сұлулық салонына бара қалсаңыз, мамандар сізге қасқа татуаждың бірнеше түрін ұсына алады. Соның ішінде кең тарағаны перманентті макияж. Яғни, қас, қабақ, ерін, кейде тіпті бетті арнайы пигментті бояулармен бояп қою. Ол ұзақ уақыт сақталады әрі жуынғанда кетпейді.
Перманентті макияж 1980 жылдары Тайван және Еуропа елдерінен шыққан. Мұнда пигмент терінің беткі қабатына ғана енгізіледі. Сондықтан бояу өз түсін сақтап қалады да, табиғи болып көрінеді. Ол теріде 6 айдан 1,5 жылға дейін сақталады. Бұл терінің құрғақ немесе майлы болуына байланысты. Егер тері майлы болса, бояу ертерек өше бастайды. Сонымен бірге адамның жасына да тәуелді. Жас қыздарға қарағанда егде жастағы әйелдерде ұзақтау сақталады. Өйткені жас ағзада тері тез жаңарып отырғандықтан, пигмент тез өшеді.
Перманентті макияжды 15-75 жас аралығындағы барлық әйелдер жасата алады. Ол үшін алдымен шебер теріні тазалап, майсыздандырады. Одан кейін крем-анестезия жағады. Ол теріге сіңіп, бояуды енгізгенге дейін теріні жансыздандырады. Одан кейін татуаж жасалатын орын қарындашпен сызылады. Яғни, болашақ татуаждың пішіні анықталады. Ендігі кезекте шебер арнайы құралмен терінің астына татуаж бояуын енгізеді. Бояуды жаңа енгізген уақытта тауаждың түсі жоспарлағаннан да қанық болып тұрады. Ол біраз уақыт өткеннен кейін ғана қалпына келеді.
Татуаждың келесі түрі биотатуаж деп аталады. Терінің астына бояу енгізуден қорқатындар үшін ең тиімді тәсіл. Биотатуажға Азия елдерінің әйелдері көбірек жүгінеді. Қынамен жасалатын бұл татуаж түрі еш қауіпсіз, өте көп күтімді де қажет етпейді, бірақ сызылған сурет ұзаққа шыдамайды. Мұндай татуаждан кейін ай сайын коррекция жасатуға тура келеді.
Егер жасатқан татуаж көңіліңізден шықпаса, оны тазалап тастауға болады. Оның бірнеше жолы бар. Біріншісі – лазермен тазалау. Екіншісі – пиллинг. Ал ең қарапайым және қауіпсіз жолы – пиллинг-крем арқылы жою, бірақ оның нәтижесі көңілдегідей болмауы да мүмкін.
Сөз орайы келгенде айта кетейік. Қасқа қарап адамның мінезін білуге болады екен. Мәселен, талғампаз, кірпияз, аяқ астынан шу шығаратын адамдардың қасы жіңішке болып келеді. Айтқанды екі етпей орындайтын, елгезек адамдардық қасы түзу болады. Шығармашылықпен айналысатын жандардікі қиылған болса, жүйкесі мықты жандардікі бір-бірімен түйісіп тұрады. Ал көрінгеннің ықпалында кететін адамдардың екі қасының арасы алшақ болатын көрінеді.
Сұлулық құрбандықты талап етеді деген сөз бар. Қарлығаштың қанатындай қап-қара қас жасату кейде денсаулығыңызды құрбан етуі мүмкін. Татуаж адам терісіне зиян ба, процедураны жасау барысында қандай сақтық шараларды ұстану керек? Бұл сұрақтарға сала мамандары жауап берсін.
Арай Әбді, татуаж шебері:
Қасқа татуаж жасаудың зияны жоқ
– Бұрынғы татуажда татуировкаға арналған пигментті бояулар қолданылатын әрі ол теріге терең енгізіледі. Сол себепті де ұзақ жылдар бойы сақталады, бірақ уақыт өте келе түсін өзгерткендіктен, жасанды көрінеді. Ондай ескі татуаждарды тек арнайы лазер аппараттарының көмегімен ғана кетіруге болатын. Бояу теріге терең енгізілетіндіктен зияны жоқ деп айта алмас едім. Ал қазір сұлулық салондарында кеңінен қолданылатын перманентті макияж терінің тек беткі қабатына ғана жағылады. Теріге еш зияны жоқ. Әрине татуажды енгізу барысында барлық санитарлық, сақтық шараларын қолданамыз. Клиенттен қандай да бір косметикалық құралға, химиялық заттарға, дәрілерге аллериясы бар жоғын сұрап аламыз. Егер оны клиенттің өзі білмесе, тексереміз. Яғни, татуажды енгізерде қасқа жансыздандыратын құрал жағамыз. Клиенттің аллергиясы бар-жоғы осы тұста-ақ білінеді. Бәрі ойдағыдай болса татуажды енгіземіз.
Жүкті әйелдер және емізулі аналарға татуаж жасалмайды. Мен татуажға сапалы әрі қымбат «Драгон» деген аппаратты қолданамын. Оның инесін екінші бір адамға қолдануға болмайды. Бір реттік қана. Сондай-ақ әр процедураның алдында өзге құрал-жабдықтарды спиртпен сүртіп, залалсыздандымын. Барлығы медициналық қолғаппен істеледі. Менің бір қателігімнен бірнеше адамның денсаулығына қауіп төндіре алмаймын. Сондықтан барлығын талап бойынша жасауға тырысамын. Косметикалық құралдырдың сақтау мерзімін де ұдайы тексеріп отырамын.
Негізінен татуаждың сапалы әрі қауіпсіз шығуы ең алдымен шеберге байланысты. Инені дұрыстап ал пигментті мөлшерімен қолданса теріге зиян келтірмейді. Сондай-ақ шебер аппаратты дұрыс қолданса тері қанамауы керек.
Ең бірінші барлығын клинеттің қалауы бойынша істейміз. Үнемі татуажбен жүру мүмкін емес, әрине. Табиғи қасқа не жетсін?! Өз басым қасыма үнемі күтім жасап жүремін. Мәселен, мұсылман дүкендерінде сатылатын осма майы қас пен кірпікке нағыз қажетті құрал. Күніне майды қас пен кірпігініңізге кем дегенде рет жақсаңыз, қас пен кірпігіңіз қалыңдап шыға келеді.
Айғаным Сәрсенбаева, дерматокосметолог:
Татуажды барлық адамға жасауға болмайды
Қасқа татуаж жасаудың зияны жоқ. Алайда оны барлық адамға жасауға болмайды. Мәселен қант диабетінің инсулинге тәуелді түрінде, тері ауруларында, ВИЧ немес СПИД-те, көз ауруларында татуажға жоламаған дұрыс. Сондай-ақ теріні жансыздандыратын крем мен бояудан кейбір адамдардың аллергиясы болуы мүмкін. Егер аллергия болған жағдайда тері қызарып, бөртеді, іріңдейді. Сондай-ақ адамға дем жетпей қиналады. Сол үшін жансыздандыратын дәрі мен бояуды жақпас бұрын оны клиенттің қолына жағып тексеру керек. 15-20 минуттан кейін қарсы көрсетілім болмаса бояуды қасқа енгізе беруге болады. Әрине бұл процессте ең алдымен тазалық керек. Тазалық сақталмаған жағдайда теріге инфекция түсіп, жағдай қиындап кету мүмкін. Оқыс жағдайларды болдырмау үшін перманентті макияж жасатар алдында шеберден барлық құрылғыларын зарарсыздандыруды сұрау керек. Ол бояуды енгізетін бір реттік инесін көз алдыңызда ашуын қадағалаңыз. Себебі көптеген жұқпалы аурулар құралдардың жеткілікті зарарсыздандырылмауынан жұғуы мүмкін. Сондай-ақ, қандай да бір затқа аллергияңыз болса, бұл туралы шеберіңізге айтыңыз. Татуаж жасатар алдында қасыңызда, көзіңізде, ерніңізде жара болмауы керек.