Тіс және дерт

Oinet.kz 17-01-2020 1138

Адам организмінде артық зат болмайды.  Әр мүшенің өзінің атқаратын міндеті бар. Егер олардың қайсыбірі бүлініп немесе істен шықса денсаулыққа сызат түседі. Сол секілді ағзамыздағы ең қатты тін – тістің біз үшін маңызы ерекше. Тіс – күлкіміздің сәні ғана емес. Адам баласы хайуаннан сөйлеу қабілеті арқылы ерекшеленеді. Ендеше, тіс – сөйлеу функциясына қатысатын бірден-бір мүше. Әсіресе, күрек тістер дыбысты өңдеп, сөзді түсінікті етеді.  Асқазанның жұмысы тіске тікелей байланысты екен. Ауызға түскен қатты астың қандайын болса өңдеп, баптайтын тіс. Дұрыс шайналмай емесе шала шайналып желінген тағам асқазанды  бұзады. Ауру тістер тағамды асқазан-ішек жолында дұрыс қорытылатындай етіп, ұсақтап шайнауды қамтамасыз ете алмайды. Егер тісіңіз, қызыл иегіңіз ауыратын болса және тағамды мұқият шайнауға мүмкіндігіңіз болмаса, асқазанға қосымша салмақ түседі, ал бұл тағы бір ауруға себеп болады. Пародонтиттің де, асқазан-ішек жолдары ауруларының да жалпы даму механизміне қабыну мен иммундық реакция тудыратын микроағзалар себеп болады. Созылмалы гастрит, асқазанның ойық жарасы, ұлтабардың ойық жарасы, панкреатит – бұл ауыз қуысының ауруларынан туындаған асқазан-ішек жолдары ауруларының бір бөлігі ғана. Қазақтың «тіс бүлінді дегенше іш бүлінді десеңші» деген сөзі осыдан қалса керек. 

zuby.jpg

Тіспен асқазанның байланыста болуы әрине, заңдылық. Ал жүректің тіске не қатысы бар деуіңіз мүмкін. Тістің бүлінуі жүректің жұмысына да әсер етеді екен. Ауру тістер мен қызыл иек жүрек ишемиясының дамуына, миокард инфаркты және инсультке себепкер болатынын ғалымдар дәлелдеген. Пародонтпен ауыратын адамдардың жүрек жетімсіздігіне ұшырау қаупі 2 есе көп. Пародонттағы бактериялар қанға сіңіп, қан тамырлары қабырғаларының қабынуына әкеліп, қанның ұюына себеп болады. Ал ұйыған қан қан саңылауларын бітеп, жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуына әсер етуі мүмкін. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын алаңдатып отырған кесел – қант диабетінің өршуіне тістің де қатысы бар болып шықты. Ғалымдардың көбі пародонттың қабынып ауруы кезінде қандағы қант деңгейі көтерілетінін айтады. Қант диабетімен ауыратын адамдар пародонтиттен емделген соң уақыт өте келе қандағы қант деңгейі қалыпқа келгені анықталған. Жағдайын қалыпқа келтіру үшін диабетпен ауыратындар негізгі аурудың емдік шараларын жасап қана қоймай, қажет болса пародонтологиялық емдік шараларды жасауы тиіс. 

Жүктілік кезінде әйелдің тістері босап, жиі ауырады. Ағзасындағы гормоналды өзгерістер қабыну мен қызыл иектің қанауын тудыруы мүмкін. Мамандар жүкті әйелдің тісіндегі инфекциялар ұрыққа теріс әсер етіп, түсік тастауға себеп болуы мүмкін екенін алға тартады. Пародонт аурулары ерте босану қаупін 7 есеге арттыратын көрінеді. Сондықтан гинекологтар әйелдерге жүктіліктің алдында тісті кешенді емдеуге кеңес береді. 

Тіске қарап кеселін таны
Энергетикалық сусынның құрамы қандай?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу