Ерте анықталған обырдың емі қонымды
Қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімді азайту мақсатында 4 ақпан – Халықаралық қатерлі ісікпен күрес күніне орай, Оңтүстік Қазақстан облыстық Онкология диспансерінде 27 қаңтардан 3 ақпанға дейін «Жатыр мойнының қатерлі ісігі туралы хабардар болу аптасы» ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 1-10 ақпан аралығында онкологиялық аурулармен күресу бойынша республикалық онкүндік аясында онкоауруларды ерте анықтау бойынша ашық есік күндері өтуде.
Обыр ауруының 80-90 пайыз жағдайлары қоршаған ортаның түрлі келеңсіз себептерінен, аз зерттелген тамақ өнімдерінен, әлеуметтік және мәдени іс-әрекеттерден құралады. Обырдың алдын алу толық анықтала қоймаса да оған шалдыққандардың жартысына жуығында ондай себептердің барлығына болжам жасалған. Оның 30-35 пайызы дұрыс тамақтанбайтындар, 30 пайызы темекі тартатындар, 17 пайызы жұқптырғандар, 4 пайызы ішкілікқұмарлар болса, 2 пайызы қоршаған ортаның ластануынан, 2 пайызы тұқым қуалау салдарынан обыр зардабын тартады.
Онкологиялық аурулардың алдын алуда скринингтік тексерулердің көмегін көп. Сүт безінің қатерсіз және қатерлі ісігін ерте анықтауға, әйелдер арасында кең таралған жатыр мойны обырын ерте анықтауға, өңеш пен асқазан, қуықасты безі, бауыр обырын анықтауға да скрининг тексерулер жүргізілуде. Ол өз кезегінде обырды алдын-алуға, ерте сатысында анықтауға және дәрігерлердің қарқынды ем жасауына мүмкіндік береді. Сондықтан адамдар өз денсаулықтарына салғырт қарамай, скринингтік тексеруден өтіп тұрғандары абзал.
Республикамызда әйелдер арасындағы онкологиялық аурулардың ішінде сүт безінің қатерлі ісігі бірінші орынды алады. Облыстық онкология диспансерінде былтыр сүт безі обырымен 420 науқас тіркелген. Оның 90,9 пайызы, яғни 382-сінде ауру I-II сатысында, 22 науқаста (5,2%) III сатысында, ал 16 науқаста (3,8%) IV сатысында анықталған. Сырт көзге аурудың көбеюі үрей тудыруы мүмкін. Бірақ, бұл анықтау жұмыстары жүйелі жүзеге асып жатқанының белгісі де.
Онкология диспансерінде обыр дертінен сауықтырудың 3 түрі – хирургиялық, химиотерапиялық және сәулелік ем қолданылады. Сондай-ақ, заманауи әрі қымбат тұратын «таргент» препараттары елімізде ақысыз беріледі. «Таргент» өзге ағзаларды зақымдамай, обыр клеткаларына әсер ететін бірден-бір дәрі болып табылады.Таргенттік ем сырқат адамдардың денсаулығын түзеумен қатар өмірін ұзартуға да көмектеседі.
Емделген жақсы, аурудың алдын алған одан да керемет. Сондықтан, науқас қаншалықты ертерек дәрігерге келіп қаралса, соншалықты обырды алдын алып, анықтау, емдеу қарқыны арта түседі.
Ж.ТҮМЕНБАЕВА,
ОҚО Онкология диспансерінің химиотерапевт дәрігері