«Тәтті» бизнес
Мамандардың мәліметіне сүйенсек өткен жылы Шымкент қаласында өнеркәсіп өнімінің көлемі 10 пайызға артып, 710 миллиард теңгеге жеткен. Ал, қала экономикасына тартылған тікелей инвестицияның көлемі 2021 жылы 65 пайызға артып, 462 миллиард 100 миллион теңгеге жеткен.
Мұндай межеге жетуге әсіресе шаһардағы индустриалды аймақтар мен мен АЭА үлкен үлес қосып отыр. Олар қала экономикасының дамуына септігін тигізуде. Шын мәнінде индустриялды және арнайы экономикалық аймақтар қала экономикасын өрге сүйреуші негізгі драйвер болып саналады.
Үшінші мегаполистегі қарқынды жұмыс істеп тұрған индустриалды аймақтың бірі – «Тассай» индустриалды аймағы. Бес жылдың ішінде бұл аймаққа 28 миллиард 100 миллион теңге инвестиция тартылып, 18 кәсіпорын ашылған. Бұл кәсіпорындарда 1 мың тұрақты жұмыс орны құрылған. Индустриалды аймақ Шымкент қаласындағы кәсіпкерлік салаға тың серпін беріп, жаңа кәсіпорындардың көптеп құрылуына мұрындық болып отыр. 2016 жылы ашылған аймақтың аумағы бүгінде толық, 100 пайызға жұмыс істеп тұр.
«Тассай» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындардың бірі – «Nurtau distribution company» кондитерлік фабрикасы. Компания директорының орынбасары Ұлжалғас Бегайдарованың айтуынша, фабрика тәулігіне 3 тонна кәмпит пен 3 тонна сағыз өндіреді екен.
— Біздің кәсіпорында екі ауысыммен 200 адам жұмыс істейді. Кәмпиттің 20 түрін, ал, сағыздың 25 түрін өндіреміз. Күніне 6 тонна өнім өндіреміз. Біздің өнімдер экологиялық тұрғыда таза, оның құрамында адам ағзасына зиян келтіретін ешқандай қоспалар жоқ. Сондықтан өнімдерімізге сұраныс өте жоғары, — дейді Ұлжалғас Ескендірқызы.
Индустриалды аймақта инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету бағытында «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламалары табысты іске асып келеді. Бұл қала экономикасының дамуына үлес қосып, халықты жұмыспен қамтуға, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді.