Туристерге интернет қолжетімді болады
Жаңа қалаға келген туристерге ең бірінші қажет нәрсенің бірі - интернет. Әуежайға қонып ұшақтан түскен турист интернет іздейтіні анық. Интернет арқылы ол жақындарымен байланысады. Қалада күтіп алатын адамдарымен жолығады. Немесе смартфондағы интернет арқылы қала туралы мәліметті іздеп, картасын жүктейді. Интернетсіз олар қалада емін-еркін қозғала алмайды. Сол себепті де туристерге интернеттің қолжетімді болғаны абзал.
Осыған орай Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің тапсырмасына сәйкес қоғамдық орындарға тегін Wi-Fi нүктелерін орнату жоспарланған. Осыған орай 10 қоғамдық орынға 30 тегін Wi-Fi нүктелері орнатылды.
Қазір қалалық цифрландыру басқармасы тарапынан тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Бәйдібек би ескерткішінің алаңы – 2, Шымкент қаласы әкімшілік ғимаратының артындағы парктің алаңы – 4, Назарбеков-Бәйдібек би көшелерінің қиылысы Нұрсат аллеясы – 2, «Қызғалтақ» субұрқағы - 2, Арбат – 4, Нұрсат №130 мектеп артындағы аллея – 2, Наурыз алаңы – 4, Жерұйық саябағы – 4, Шәмші аллеясы – 2, Дендросаябақ – 4.
Wi-Fi құрылғыларына қосылу үшін “Aimaq Wi-Fi”-ды таңдаймыз, әрі қарай “Aimaq Wi-Fi” веб-парақшасына өтеміз. Веб-парақшада өз нөміріңізді тіркеп, нөміріңізге түскен смс-кодты енгізесіз.