Шымкентті жұлдыздар жарнамалайды
Қазіргі таңда туризм саласы қарқын алып келеді. Туризм арқылы көп табыс табуға болатынын Түркия, Мысыр, Мальдив аралы секілді елдер дәлелдеп үлгерді. Десе де, ең алдымен сырттан турист тартпас бұрын ішкі туризмді дамытқан абзал. Ішкі туризмді дамытарда - жарнаманың атқарар рөлі зор. Халық көбіне өзінің кумиріне сенеді. Кумирі жарнамалаған тауарға, өңірге сеніп, сол тауарды алуға, сол барған жерге баруға ұмтылады.
Осыған орай Шымкент қаласының Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы қаланың туристік әлеуетін насихаттау мақсатында бірқатар жұмыстарды жүзеге асырып отыр. Әсіресе қаланың жағымды туристік имиджін қалыптастыруда шоу-бизнес өкілдерін жарнамалық ақпарат тарату жұмыстарына тартудың маңызы зор екенін айтуда.
Екі жақты келіссөздер нәтижесінде танымал актер әрі тележүргізуші Тәуекел Мүсілім - Шымкент қаласының ресми туризм Елшісі атанды.
Тәуекел Мүсілім жағымды жаңалықпен өзінің жеке инстаграм парақшасында бөлісіп, көрікті шаһардың танымалдылығын арттыруға атсалысатынын жеткізді.
Сондай-ақ, шымкенттік жұлдыз барша қала тұрғындары мен қонақтарын 19 маусым - Қала күні мерекесімен құттықтап, туризм Елшісі ретінде алғашқы жазбасын жариялап үлгерді.