Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Өткен айда жұмысын аяқтаған Қытай Коммунистік партиясының тоғызыншы съезінде ел экономикасына қатысты мәселелер көтерілді. Съезд қорытындысы бойынша, билік күннен-күнге қаулап өсіп келе жатқан қарызды тоқтату үшін елдің ұзақ мерзімді экономикалық жоспарларын жүзеге асыруды тоқтата тұруды, осы арқылы елдегі ішкі жалпы өнім өсімін төмендетуді ұйғарды. Әдетте, сарапшылар жалпы ішкі өнім параметрлеріндегі өзгерістер сол мемлекеттегі өмір сүру деңгейі мен өнімділік үрдісін көрсететінін алға тартады. Дегенмен, Қытайдағы жағдай мүлдем басқаша болып отыр. Жергілікті билік органдары өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін шығынға батса да алған беттерінен қайтпауға бел буған секілді. Бұл тиімді ме, әлде тиімсіз бе, ол жағы маңызды емес.
Американдық қаржы сарапшысы Майкл Пэттистің айтуынша, бүгінде Қытай экономикасы шарықтау шегіне жетіп, енді шар секілді жарылуға аз-ақ қалып отыр. Оның айтуынша, ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) өсуі – экономиканың өсуін білдірмейді. Мысалы, қос зауытты қатар қойып көрелік. Екеуі де құрылысы мен өндірісі жағынан бірдей шығынға ие. Бірінші зауыт тек пайдалы тауарлар шығарса, ал, екінші зауыт түкке керегі жоқ тауар шығарып, қойманы толтырды делік. Үңіліп көрсек, тек бірінші зауыт қана экономиканың өсуіне ықпал жасайды. Дегенмен, қос зауыт та бірдей көлемде тауар шығарып отырғандықтан, ЖІӨ көлемінің өсуін қамтамасыз етеді. Сондықтанда да, дүниежүзіндегі экономика жүйесінде қос механизм құрылған. Сондағы мақсаты жалғыз – ЖІӨ-нің жалпы экономикалық көрсеткіштеріне сәйкес келуін қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, «бөрі арықтығын білдірмес үшін сыртқы жүнін қампайтар» дегендей, ЖІӨ көлемі артқанымен, халқы аш-жалаңаш отырмауын қамтасыз ету болып табылады. Осы себепті, олар бюджеттік шектеу шараларын қатаң қадағалайды. Мұндай жүйе бюджетке лимит орнатып қана қоймай, сырттан келген инвестицияларды желге шашып, ысырапқа жол беретін компанияларды тұсаулайды. Оларға ел экономикасына нұқсан келтіруге жол бермейді.
Сонымен қатар, ЖІӨ есептеу кезінде нарықтық баға өз әсерін тигізеді: қарыздар инвестиция есебінен жабылса, онда жалпы өсу көрсеткіштеріне негізделген ЖІӨ құрамдас бөлігі азаяды. Яғни, сұрауы бар инвестиция пайда әкелмей ме, онда одан құтылу керек.Бірақ, бұл механизмдер Қытайда мүлдем жұмыс істемей тұр дейді Майкл Пэттис. Қарыздар есептен шығарылмайды және бюджетке шектеу қойылмайды. Мұндай қателікке мемлекеттік сектор өзі жол беріп отырған көрінеді. Енді салдары айқын. Әлем елдері алдында қытайлықтар төмендеп қалғысы келмейтіні анық. Әскери держава атануға әлі де болса әлеуеті кемшіндеу соғып тұрған Қытай енді экономикалық держава болғысы келеді. Бұл заңды. Сондықтан да, олар қарыздарын мойындағысы келмей, ЖІӨ көлемін көтеріп көрсетуде. Ал, шындығында елдегі ЖІӨ көлемі бұлай емес дейді сарапшылар. Егер қарызды дұрыс есептеп шығарылса, онда көптеген бағалар бойынша Қытайдағы ЖІӨ өсімі 3 пайыздан да төмен екен. Дәл осындай жалған бұрмалаушылық 1980 жылдары Жапония экономикасында да болған. Осының салдарынан тұтыну деңгейі төмен жапондар дұрыс мөлшерде жұмсалмаған инвестициялардан әбден зардап шекті. 1990 жылдары Жапонияның ЖІӨ көлемі әлемдік ЖІӨ-нің 17 пайызын құрайды деген ақпар таратылды. Нәтижесінде жапондар 2000 жылға қарай әлемдегі экономикалық көшбасшы мемлекет болады деген болжамдар айтылды. Тіпті, бұған ешқандай күмән болмады. Сол себепті, елге инвестиция көптеп тартыла бастады. Бірақ, несиенің өсуі тұрақтанған кезде, Жапонияның жаһандық ЖІӨ-дегі үлесі бірден төмендеді. Нақты цифрмен айтсақ, қазірге дейін 60 пайызға құлдыраған.
Дәл мұндай жағдайды КСРО-да бастан кешті. Совет Одағының экономикасы соғыс жылдарынан кейін зор қарқынмен өсті. 1970 жылға қарай жаһандық ЖІӨ-нің 14 пайызын құрады. Егер осы қарқынмен жалғаса берсе, қысқа мерзімде Совет Одағы АҚШ-ты басып озады деген болжамдар жиі айтыла бастады. Міне, сол кезде Совет Одағы дәл қазіргі Қытай еліндегідей күйде болды. Дегенмен, 1990 жылға қарай қызыл империя АҚШ-қа жете алмай, шаң қауып қалды. 20 жыл ішінде КСРО-ның жаһандық ЖІӨ-дегі үлесі 70 пайызға дейін төмендеп кетті.
Жоғарыда келтірілген мысалдар сенімсіз көрінуі мүмкін, бірақ, 1980 жылдардағы Жапония-да, 1960 жылдардағы КСРО-да қазіргі Қытайдағыдай ЖІӨ деректеріне жұмсалған инвестицияларды есепке алу механизмдері болған жоқ. Қызды-қыздымен бұл мемлекеттер әлем елдері алдында өздерін көшбасшы қылып көрсету үшін жасандылыққа барды. Салдарынан КСРО экономикасы көпіршік секілді жарылып кетті. Оған 1990 жылдардағы нарықтық экономикаға көшер кездегі ауыр жағдай дәлел.
Қытай елдегі қарыз көлемінің өсуіне байланысты Қытай билігі үй шаруашылығының табысын арттыру, яғни шағын бизнесті дамыту секілді маңызды қадамдарды жүзеге асыруды көздеп отыр. Майкл Пэттис қандай жағдай болмасын, ЖІӨ өсімін негізгі экономикалық нәтиже ретінде қабылдамау керектігін айтады. Сатылмайтын және сұраныс тудырмаған тауарларды жинау немесе пайдаланылмайтын әуежайлар салу арқылы ЖІӨ көлемінің артқандығын өзгелерге мақтанып көрсетуге болады, дегенмен, түбінде бұдан зардап шегетін – халық. Ал, мемлекетті халық құрайтынын ескерсек, түбінде бұдан «көкжал» болып көрінуге тырысатын билік іштен іріп кетеді. Сондықтан да, кез-келген мемлекет ең бірінші кезекте жалған абыройды емес, халқының шынайы жағдайын ойлау керек. Әсіресе, бұны мақтан құмар кей Орта Азия мемлекеттеріне айтқыңыз яки дәлелдегіңіз-ақ келеді. Бірақ, әй қайдам...