Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Құрметті оқырман, мен өз ұлтымнан болашақ жар іздемей, уақытша қызыққа мас болып, өмірдің мәнін жоғалтқан қазақ азаматтарының бірімін. Өкінгенмен не пайда? Жасым қырыққа келгенде балаларымды тастап, бәрін жаңадан бастау деген мен үшін қиынның қиыны. Кейбір таныстарымды көрсем ұялып, қашқақтаймын. Орыс қызы мені туыстан, достан тіпті қазағымның салтынан айырды.
Жас кезімізде "Әйел алсаң орыстан - көже ішесің борщтан" деп әндетіп жүріп, өзім орыс ұлтынан әйел аламын деп еш ойлаған емеспін. Мүмкін, тағдыр болар. Өскемен қаласында тұрамын. Жасым қырыққа таяды. Екі балам бар. Әйелім Оксана таза орыс қызы.
Мен Семей қаласында туып-өстім. Үйде үш баламыз. Ата-анам бізді бетімізден қақпай, не кием не ішем дегізбеді. Мектепті бітірген соң, Семей қаласында бір бастықтың жеке шофері болдым. Ол кезде жоғарғы оқу орнында оқып, білім алу деген шарт емес еді. Бастықтың қасында жүріп біраз "проблемамды" шешіп, ата-анама да жақсы көмектесіп жүрдім. Арасында достарыммен қыдыруды да ұмытпадым. Осылайша мені әскери міндетімді өтеуге армияға шақырды. Бастығымның арқасында өз облысымнан ұзамай, Өскемен қаласындағы Ахмер шағын ауданында орналасқан қорғаныс министрлігіне қарасты әскери қалашықта борышымды өтеуге алындым. Өзім де екі тілді таза білетін, кез келген адамның тілін табуға шебер пысық едім. Осылайша армиядағы күндер өтіп жатты. Анда-санда қаладан бір автобус қыздар келіп, солдаттарға арналған дискотека болатын еді. Негізінен дискотекаға орыс қыздары келетін еді. Сол кезде қазіргі әйелім Оксанамен таныстым. Ол қаланың жергілікті қызы екен. Түрі де мінезі де мүлдем қазаққа жат. Бір ауыз қазақша да білмейтін. Ұзын бойлы арықша келген, сары шашты қыздың не артықшылығы бар екенін білмедім. Ғашық болдым да қалдым. Осылайша Оксана маған келіп тұрды. Ол кезде ұялы телефон деген жоқ. Арасында командирдің тілін тауып қалаға Оксанамен кездесуге барып тұрдым. Тіпті кезекті бір увольнениеде әке-шешесімен де танысып алдым. Жер үйде тұрады екен. Туған ағасы бар. Оксана сол жылы мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түсе алмай, бір дүңгіршекте сатушы болып жұмыс істейді. Ол кезде "Болашақ жарыңның мамандығы кім? Отбасы, тегі кім?" деген сұрақтармен басымды ауыртып жатпадым. Ойлағаным - махаббат.
Осылайша әскери борышымды өтеп Семейге келдім. Ата-анама үйленетін ойым барын айттым. Орыс қызы екенін білгенде біраз қарсылық танытып, ақылдарын айтып көрді. Өз дегенімді жасап үйренген мен тыңдайтын ба едім. Менің әкемнің үлкен ағасы орыс қызына үйленген. Олар ауылда тұрады. Орыс жеңгем бір ауыз қазақша білмейді. Мұсылман дінін қабылдаған. "Маңдайына жазғаны болар" деп ата-анам батасын берді. Сөйтіп мен орыс ұлтының күйеубаласы болып шыға келдім. Оксана бірден Семей қаласында тұрғысы келмейтінін айтты. Оған да көндім. Өскемен қаласына барып "күшік күйеу" болып, Оксананың әке-шешесімен бірге тұрдық. Мен бір наубайханаға нан тасушы болып орналастым. Орыс халқының салтына, тұрмысына үйрене бастаған сияқтымын.
Бірде Семей қаласына баруға жиналдық. Ол кезде өзіме бір "Жигули" машинасын сатып алған едім. Ауылдан ағамның бір інісі келіп, сол кісіні де Семейге ала кетуім керек болды. Машинадан түсіп сәлемдесіп, машинаға отыруға бет алдық. Әйелім ең бірінші барып алдыңғы орынға жайғасты. Қазақта қайынағасына орын беруші еді ғой, сол қазақ салтымен әйелім артына отырар деп тұр едім, менің сүйіктім өзі барып құтты орнына қонжиды. Мен сасқанымнан "алдына ағам отырсын" дедім. Оксана сезбестен: "Бұл - менің орным, артына отыра берсін, маған алдыңғы орын жайлы", - деді. Ұялып кеттім, ағам сасқанынан "мен алдыңғы орынға отырғанды ұнатпаймын" деп артына отырып жатты. Осылайша Семейге келдік. Жеке жерде "қайынағаларын атымен атамайды" деп өзімше үйреткен боламын. Іштей "уақыт өте келе үйренер" деп қоямын. Махаббат әкетіп барады ғой, бәріне кешіріммен қарауға тырысасың. Ата-анам да іштерінен қылықтарын жақтырмаса да менің көңілім үшін, өздерінше әзілге бұрып қояды. Дастарханның төріне отырып алған менің сүйіктімнің "шәй құю" деген миына келмейді. Тіпті тамақты асап, ауыз жаппай сөйлеп отыр, келінге тән биязылық деген жоқ. Ұялсам да болашақта үйренер деп қоямын. Ата-анам ештеме білдірмеді. Келесі бірде Өскеменге туған апайым жанұясымен келеміз деді. Қонақтар келетінін әйеліме ескерттім. Жұмыстан келсем әйелім мен енем бақшада жүр. "Қонақтар қайда десем, үйде шәй ішіп отыр", - деп қояды. Үйге кірсем, мен ойлаған дастархан жоқ. Алдарында кружкаға толтыра құйылған қара шәй мен кәмпит. Ой, ұялғаным-ай! "Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа" деген осы -ау деп қоямын.
Ақыры уақыт өтіп мен орыс халқының жалпы тұрымысына үйреніп кеттім.
Тіпті той-томалақта әке-шешесімен соғыстырып арақ ішіп отырған әйелімнің қылығы мен үшін жат болып көрінбеді. Екі баламыз дүниеге келді. Күнкөріс қамымен уақыт өте берді. Кейіннен байқасам, туысқандардан арамыз алшақтап кетіпті. Тіпті туғандардың той-томалақтары, өлім-жітім дегенге баруды да ұмытыппын. Ата-анама да сирек барамыз. Олар менің аман жүргеніме риза. Сөйтіп жүргенде әкем аварияға түсіп, Өскеменге әкелді. Реанимацияда жатыр. Туғандарым басы қатып, естері шығып жүрсе менің әйелім өз ойы өзінде. Ойы-өсиетхат (завещание). Сонда бары әкемнің жалға беріп қоятын "КАМАЗЫ" мен екі бөлмелі үйі. Сол кезде шынын айтсам әйелімді жек көріп кеттім. "Кет, көзіме көрінбей!" дедім. Үйге де барғым келмеді. Бала тұрғанда қайда барасың, қанша ашулансаң да қайтып барасың. Екі баланың жазығы не?
Алла тілегімізді қабыл етіп, әкем аман-есен ауруханадан шықты. Қазір үнемі барып тұрамын. Өзімнің өмірде оңбай қателескенімді ұқтым. Бірақ, бәрі кеш екен. Оксана бұрынғыдай талшыбықтай бұралған келіншек емес, ет жеңді топ-толық орыс келіншегі. Мінезі сол қалпы. Бәрін орыс халқының салты бойынша жасайды. Тіпті күнделікті тамағымыз да шөп-шалам. Кейде қазағымның дастарханын сағынатын кездерім де болады. Жанын аса қинағысы да келмейді. Туыстарымның көңіліне қарамай, беттеріне былш еткізіп айта салып қарап отырады. Шынын айтсам бір қазақ досым да қалмапты. Ал балаларым түрлері қазаққа көп келеді. Есімдері - Алина, Руслан. Өзімше қазақша үйретіп, әдет-ғұрып, салт-сана туралы әңгімелеп қоямын. Қайдам, мен күні-түні отбасын асыраудың қамымен жүргенде көп уақыттары қайынжұртымның арасында болғандықтан тілдері де қазқашаға шорқақ. Екеуі де орыс мектебіне барады. Басқа қазаққа шығып жатқан бөтен ұлт қыздарындай мен үшін салтымды, дінімді қабылдауға ниет те білдірмеді. Кейде өзім де "орыс" болып кеткендеймін. Кейбір істерім де қазақ азаматтарына тән емес. Артынан ойланып, "санымды соғатын" кездерім де болады.
«Қатын алсаң орыстан, құтылмайсың борыштан» дейді қазақ. Бұл арада «борыш» дегеніміз кәдімгі «борыш», «парыз» деген сөз бе, әлде, орыстың «борщ» көжесі ме, ол жағын білмедік, бірақ орыстан қатын алғандардың қағынан жеріп, қазаққа жат болып кететіні шындық дегенді оқып едім, рас екен. Енді менің басым қатуда...