«Жесір анаңды үш рет Меккеге апарғанша күйеуге берсең парызыңнан құтыласың»

Oinet.kz 06-01-2023 2182

Бала күнімде үлкендерден естіген тағы бір әңгіме еске түсті. 

Screenshot_5.jpg

"Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да парызыңнан құтылмайсың" дегенді естіген бір жігіт анасын Меккеге арқалап апарып келе жатса алдынан бір қария шығып: "Анаңды Меккеге  арқалап барғаннан күйеуге ти десең парызыңнан құтылған болар едің депті", - деп отыратын. 

Естігеніміз болмаса ол кезде астарына үңілмеппіз. Қазір ойланып қарасам жай айтыла салған сөз секілді болғанымен мағынасы тереңде екен. 

Ана болу бақытынан бөлек, әйел бақыты да керек екенін тұспалдаған екен ғой үлкендер. 

...Күйеуі қайтыс болған бір әйел бар. Ажырасқан, екі-үш рет тұрмыс құрып, бәрінен бала тапқан әйелдерді сынап, өз өмірін үлгі етіп отырады. "Күйеуім қайтыс болып, жалғыз қалғасын есігімнен еркек сығалатпадым. Балаларыма да айтып отырамын соны. Мені сол үшін сыйлауы керек олар. Бар өмірімді соларға арнадым", -- дейді. Ол кісіні құрметтеймін. Бірақ өзгелерді сөз еткенін құптамаймын. Осындайда үлкендерден естіген тағы бір әңгіме еске түседі. 

Баяғыда бір патшаның қызы қырық рет күйеуге шығыпты дейді. Қырқыншы күйеуінен ажырасқанда патша ашуланып қызын өлім жазасына кескен екен. Сонда қызы  бас сүйегін суға қайнатып, пешенесіндегі жазуды оқып көруді өтініпті. Оқыса,  қырық бірінші күйеуден бағы жанғалы тұр екен. Соны оқығанда патша асығыстық қылғанына өзегі  өртенген екен дейді. 

Бала кезде бұл әңгіменің де астарын түсінген жоқпыз ғой. Қазір ойланып қарасам, кімнің алдында не күтіп тұрғанын білмейсің. Ешкімді сыртынан сөз етпе. Өз қызын өлтірген патша секілді адамдарды жазалауға асықпа дегені екен ғой.

Гүлмира Әшірбекованың Facebook парақшасынан

Әкем мені арам ойлы көршімізден құтқара алмады
«Қызыл кітапқа" енетін қызды көрген жігіт тәнті болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу